Соңғы тоғыз күннің ішінде улы жәндік шағып, медициналық мекемелерге 9 адам жүгінге
Шымкентте қарақұрт шағып ауруханаға түсетіндер көбейіп барады. Осылай деп дабыл қаққан дәрігерлер тұрғындарды абай болуға шақырып отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Otyrar.kz-ке сілтеме жасап.
Ақ халаттылардың сөзінше, науқастардың бірден іші мен кеудесі ауырған. Тіпті жансақтау бөліміне түскендер де бар.
Ал, қалалық токсикология мамандары соңғы кездері қарақұрт шағып, ауруханаға түскендер қарасы көбейіп бара жатқанын айтады. Тіпті соңғы 9 күнде ауруханаға дәл осындай диагнозбен 9 адам түскен. Оның үшеуі алғашқы көмектен соң үйіне жіберілсе, кейбірі әлі де жансақтау бөлімінде жатыр.
“Улы жәндіктердің шығу процесі әсіресе түн кезінде адамдар ұйықтап жатқанда орын алады. Ал қазір жұрттың көбі күн ысып, далада ұйықтауға мәжбүр. Бізге түскен науқастардың көбі шалғай орналасқан елдімекендерден келеді. Мысалы, «Ақжар», «Құрсай», «Қайтпас». 9 науқас жүгінсе, 6-уы ауруханада жатыр. Қалғанының беті бері қарағасын үйіне жібердік”, - дейді Шымкент қаласындағы токсикология орталығының маманы Марат Көкенов.
Шымкентте жәндіктерге қоса шаяндар да күш ала бастаған сыңайлы. Қала бойынша шаян шағып ауруханаға күн сайын бір науқас түседі екен. Осылай деп дабыл қаққан ақ халаттылар жыландардың да көбейіп жатқанын айтады. Төтеншеліктер де жылан аулаудың қызып тұрғанын жеткізді.
«6 ай ішінде жедел-құтқару бөлімі жылан аулауға 24 рет шықты. 9 жыланды қолға түсірдік. Өткен тәуліктің өзінде 112-ге екі қоңырау түсті. Бірі Абай ауданынан, екіншісі Қаратау ауданынан. Мамандарымыз екі жылан ұстады. Біріншісі 1 метр болса, екіншісі 70 см», - деді Шымкент қаласы ТЖД жедел құтқару жасағының жетекшісі Орынбасар Туртбаев.
Құтқарушылардың сөзінше, улы жыландар көрінген жерде жүрмейді. Бірақ, осыған қарамастан оларды қызық көріп, ұстап көрудің қажеті жоқ дейді мамандар. Себебі сыртқы пішініне қарап, қандай жылан екенін айыру қиын.