ШұғылҚазақстанда бір тәулікте 1,5 мыңға жуық адам коронавирус жұқтырды

Ақмола облысында баласын құтқармақ болған әйел суға кетті

Қайғылы жағдай Отаутүскен ауылының маңында балық аулау кезінде болған

Фото: ашық дереккөзден

Ақмола облысында баласын құтқармақ болған 43 жастағы әйел суға кетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. 

"Осы жылдың 8 маусымы сағат 13:00 шамасында Нұра өзенінде, Целиноград ауданы Отаутүскен ауылының маңында балық аулау кезінде жазатайым оқиға болды. Өзен жағасында жүрген соң қызы анасынан жүзуге рұқсат сұрап суға түскен. Алайда 10 жасар қыз ағымға қарсы тұра алмады. Мұны көрген анасы баласын құтқарамын деп суға түсіп, өзеннің осы бөлігіндегі қатты ағысқа төтеп бере алмай, суға батып кетті", – деп хабарлайды Ақмола облысы Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.

2011 жылғы қыз жабайы өсімдіктердің бұтақтарын ұстап үлгеріп, көмекке шақырған. Оның айқайлаған дауысын естіген Отаутүскен ауылының тұрғыны қызды құтқарып алады.

Оқиға орнында Нұрсұлтан қаласы ТЖД Жедел-құтқару жасағының құтқарушылары жұмыс істеді, кешкі сағат 19.30 шамасында әйелдің денесі табылды.

Ақмола облысының ТЖД судағы қарапайым тәртіп ережелерін сақтау қажеттігін тағы да еске салады: тексерілмеген және жабдықталмаған жерлерде суға түспеңіз, жүзуге арналмаған заттармен жүзбеңіз, суға алкогольдік немесе есірткілік мас күйінде кірмеңіз, егер сіз су айдынында балалармен бірге болсаңыз оларды қараусыз қалдырмаңыз, балаларға суға ересектерсіз кіруге рұқсат бермеңіз, жүзу құралдарын пайдалана отырып, балық аулау кезінде міндетті түрде құтқару кеудешелерін пайдаланыңыз.