Арыстағы жарылыс: сотталушылардың ешқайсы кінәсін мойындамай отыр
Сот процесі Шымкент гарнизоны әскери сотында жабық режимде өтіп жатыр

Арыстағы жарылысқа қатысы сот процессі аяқталуға жақын. Прокурор 16 айыпталушыға 4 жылдан 10 жылға дейін жаза кесуді сұрады. Бірақ сотталушылардың ешқайсы кінәсін мойындамай отыр, деп хабарлайды КТК.
Адвокаттардың айтуынша, жарылыстың нақты себебі белгілі болмай тұрып, сотталушыларға тағылған айып негізсіз. Сот процесі Шымкент гарнизоны әскери сотында жабық режимде өтіп жатыр. Былтыр мамырда басталған сот осы аптаның соңына дейін аяқталады деп күтілуде. Жәбірленушілер саны мың жарым адамнан асса, сотталушылардың барлығы Арыстағы жарылысқа дейін шенді офицер болғандар.
2019 жылы 24-маусымда Арыс қаласындағы қару-жарақ сақталған қоймада бірнеше күн қатарынан жарылыс болып, 200-ден астам адам түрлі жарақат алған. Төрт адам мерт болды. Мыңдаған тұрғынның үйі зақымданып, 40 мыңнан астам тұрғын Шымкент пен төңіректегі ауылдарға эвакуацияланған болатын.