Алматыда блогерді соққыға жығып, тонап кеткен күдіктілер ұсталды

Автор: Azattyq Rýhy

Олар Іле ауданының жұмыссыз жүрген 19 жастағы тұрғындары болып шықты

 
Фото: Алматы қаласы Полиция департаментінің баспасөз қызметі

Алматыда блогер Валерий Кудрявцевті тонап, соққыға жыққан күдіктілер ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Алмалы аудандық полиция басқармасының мәліметінше, блогерге шабуыл жасағандар – Алматы облысы Іле ауданының жұмыссыз жүрген 19 жастағы екі тұрғыны болып шықты. 

«Күні бойы жедел және арнайы іс-шаралар кешені өткізілді, соның арқасында екі күдікті де ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта заттай дәлелдемелерді, яғни жәбірленушінің ұялы телефоны сатқан орын анықталып жатыр», - деді Алмалы аудандық полиция басқармасының бастығы Есен Ысқақов.

Айта кетсек, қазақстандық Валерий Кудрявцев басқа блогерлермен бірге түрлі жағдайларға шағымданатын кейіпкерлерді видеоға түсіріп, насихаттайды. Сондай-ақ қалаларды аралап, шешімін таппаған мәселелерді көтеріп жүреді.