Қостанай тұрғынынан 80 келіден астам есірткі тәркіленді

Автор: Azattyq Rýhy

Маусым айының басынан бері өңірде есірткіге қатысты қылмыс және құқық бұзушылықтың 14 фактісі анықталды

Қостанайда ірі көлемдегі есірткі саудасының жолы кесілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. 

Полицейлер «ВАЗ-2109» көлігін тоқтатып, салонның артқы орындығынан екі полиэтиленді қапқа оралған өсімдік тектес затты тапқан. 

Тексеріс кезінде оның марихуана екені анықталды. Улы заттың жалпы салмағы сексен келіден асқан. Қара нарықта оның бағасы сегіз миллион теңге тұрады. Ұсталған күдікті Бейімбет Майлин ауданының 61 жастағы тұрғыны болып шықты. Ол есірткіні сатып, пайда таппақ болған. 

Бүгінгі таңда күдікті тұлға қамауға алынып, ҚР ҚК 297 бабының 3-бөлімі бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. 

Айта кетейік, Қостанай облысы аумағында 1 маусымнан 31 қазан аралығында «Қарасора-2021» жедел алдын алу шарасы өткізіліп жатыр. Алғашқы 7 күн ішінде полиция қызметкерлерімен есірткіге қатысты қылмыс және құқық бұзушылықтың 14 фактісі анықталды.