Қазір дәрігерлер тобына қатысты ішкі тексеріс жүріп жатыр
Шымкентте ота жасатуға келген қыз өлім аузында жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «КТК» телеарнасына сілтеме жасап.
Төлеби ауданының тұрғыны Айдана Қалдықұл тілінің астынан өскен етті бес минуттық операцияда алдырып тастау үшін облыстық балалар ауруханасына барған.
Бірақ қарапайым отаны дәрігерлер тым күрделендіріп жіберген. Біреуі наркозды көп беріп қойса, ота үстінде апараттары өшіп қалып. 15 жастағы науқастың бірер минутқа жүрегі тоқтап қалған. Енді миы қабынған оқушы қыз 10 күннен бері ауыл халде жатыр.
Айдана Қалдықұлдың туыстары 10 күннен бері аурухана торуылдап жүр. Төлеби ауданының тұрғыны тілінің астына шыққан етті алып тастау портал арқылы 27 мамырда Шымкенттегі облыс балалар ауруханасына келген. Бірақ бес минут жасалады деген ота бірнеше сағатқа созылып, тіпті жүрегі берер минутқа тоқтап қалған. Ота кезінде салғырттық танытқанын дәрігерлердің өзі туыстарына мойындапты.
«Наркоз көп берген, салғырттығы, біріншіден. Олар қарамаған, болмаған. Аппараттары істен шыққан екен. Кейін өздері мойындап отыр. Өздері мойындады. Қанат Керімбекович деген бас анестезиолог. «Біз білмей қалдық, өйттік деді. Қыздың организмі жас, өзі жеңуі керек, біздің қолымыздан келер шара жоқ деді», - дейді Айдананың анасы Фарида Өтегенова.
Отбасындағы төрт баланың тұңғышы Айдана биыл 9-сыныпты бітірген. Миы қабынған қыз 10 күннен бері жансақтау бөлімінде ес-түссіз жатыр. Операцияға өз аяғымен кірген жеткіншектің мұндай жағдайда екеніне жақындары сене алар емес. 15 жастағы науқасты қалай болса да аяғынан тұрғызып берсін деп отыр.
«Білікті мамандарын шақырсын, қызымды аяғынан тұрғызсын. Сол айтар нәрсем. Өрімдей қыз еді, өз аяғымен келіп, мынадай жағдайға түсіп отыр. Кінәлілер жазалансын. Титтей нәрсеге менің қызымды қорлап отыр», - дейді Айдананың әжесі Зияда Молдыбаева.
Айдананың жақындары ота жасаған дәрігерлермен кездесуді талап еткен. Бірақ жауаптылардың біреуі сырқаттанғанын айтса, екіншісі сөйлесуден бас тартыпты. Бірақ телефонмен тілдескенде бар жауапкершілікті бір-біріне сілтеді. Ал жансақтау бөлімінің меңгерушісі бес сағаттық отадан шыққан Айдананың бөлімге түскенде миының 90 пайызы қабынғанын айтады. Сондықтан аяғына тұрып кетуі екіталай деді.
«Телемедицина болатын болса, телемедицинамен сөйлесеміз. Егер жоғары жақтан кеңес берсе, бәрін істейміз. Алматыға, институтқа жөнелтуге болса, егер ол жақтан келісім болса, жібереміз. Бірақ әлі де науқастың жағдайын бақылаймыз. Қазір баланың жағдайы ондай тасымалдауды көтере алмайды, жағдайы ауыр», - деді Түркістан облысы балалар ауруханасы жансақтау бөлімінің меңгерушісі Гүлзира Құдайбергенова.
Дәрігерлер Айдана аяғынан тұрғанымен, бұрынғы қалпына енді келмейтінін айтады. 15 жасар өрімдей қыз аман қалса да, мүгедек болып қалу қаупі бар. Сондықтан оқушы қыздың жақындары қарапайым отада қолы қалт кеткен дәрігерлер жазасын алсын дейді. Қазір дәрігерлер тобына қатысты ішкі тексеріс жүріп жатыр.