ШҚО-да түрмедегі күйеуіне телефон бермек болған әйел ұсталды

Автор: Azattyq Rýhy

Аталған дерек бойынша процессуалдық шешім қабылдау үшін құжаттар жиналуда

ШҚО-да түрмедегі күйеуіне ұзақ мерзімге кездесуге келген әйелі ұялы телефонды сәлемдемеге жасырып, кіргізбек болған кезде ұсталды, деп хабарлайды Polisia.kz.

Ұзақ мерзімді кездесуге келген әйелді тексеру барысында түрмеге әкелген сәлемдемесінің арасынан екі дана ұялы телефон мен оған қосымша зарядтағыш құрал, құлаққап және SIM-карта табылып, тәркіленді.

Сотталғанның әйелі телефонды жеке заттарының арасына жасырып, қызметкерлерге өзімен бірге тыйым салған заттардың жоқ екенін айтқан. Алайда мекеме қызметкерлері тексеру кезінде мекеме аумағына кіргізуге тыйым салынған заттарды алып өтудің тағы бір дерегінің алдын алды.

Қызметкерлерді алдап, құқық бұзушылыққа жол бергені үшін сотталғанның әйелі әкімшілік жауапкершілікке тартылатын болады және оған заңнамаға сәйкес 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынуы мүмкін.

Аталған дерек ШҚО бойынша ҚАЖ департаменті мекемесінің есеп және ақпарат кітабында тіркеліп, ҚР ҚК 481-бабының 1-бөлігіне сәйкес процессуалдық шешім қабылдау үшін құжаттар жиналуда.

«Ерекше тәртіптегі колонияларда ауыр және аса ауыр қылмыстар үшін сотталғандар және бұрын бірнеше рет сотты болған қылмыскерлер жазасын өтеп жатыр. Мекеме тарапынан жасалатын ескертулерге қарамастан, сотталғандардың қамқор туыстары мен таныстары мекеме аумағына тыйым салынған заттарды алып өтуге тырысуда. Біздің қызметкерлер осындай тыйым салынған заттардың мекеме аумағына өтпеуі үшін қыралық танытып, өз қызметтерін мұқият атқарып, құқық бұзушылықтың алдын алуда, – деді мекеме бастығының орынбасары Болат Майзақов.