Түркістан облысында бөтеннің қойын сатып жіберген қойшы 3 жылға сотталды
Екінші күдіктіге қатысты тергеу амалдары жүргізілуде

Түркістан облысында бөтеннің қойын сатып жіберген қойшы үш жылға сотталды, деп хабарлайды Polisia.kz.
Бәйдібек аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданады. Ер адамның айтуынша, оның үш бас уақ малы жайылымнан белгісіз жағдайда жоқ болған. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 188-1-бабы (Мал ұрлығы) бойынша тіркеуге алынды.
Қылмысты ашып, мал ұрыларын ұстау үшін тез арада жедел-тергеу тобы құрылып, тәртіп сақшылары оқиға орнына жетіп, жедел-іздестіру шараларын жүргізді. Нәтижесінде екі күдікті ұсталды. Олар қой бағуға жалданған шопандар болып шықты.
Тергеу барысында анықталғандай, күдікті екеудің бағып жүрген малдарына жайылымда бөтен үш бас мал қосылып кетеді. Жеңіл жолмен пайда табуды ойлаған олар, өзгенің қойларын көрші ауылдың тұрғынына 100 мың теңгеге сатып жібереді. Түскен ақшаны бас пайдаларына жұмсап үлгерген. Бүгінде ұсталған күдіктінің біреуіне қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп, іс сотқа жолданған. Бәйдібек аудандық сотының шешімімен күдікті 29 жастағы жергілікті тұрғын ҚР ҚК-нің 188-1-бабы 2-бөлігінің 1-тармағымен кінәлі деп танылып, үш жылға бас бостандығынан айырылды. Іс бойынша айғақты зат ретінде алынған қойлар заңды иесіне қайтарылды. Ал, екінші күдіктіге қатысты тергеу амалдары жүргізілуде.