Ақсуда наркограффитиге қатысты бар деген күдікпен ер адам ұсталды
37 жастағы жергілікті тұрғын есірткі заттарын жарнамалағаны үшін 6 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін

Ақсуда наркограффитиге қатысты бар деген күдікпен ер адам ұсталды. Аталған фактіге қатысты ҚР ҚК 299-1-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Рavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Ақсу қаласында қабылданған шаралар нәтижесінде полиция қызметкерлері есірткіні жарнамалау және насихаттау фактісін анықтаған.
"Наркограффити жасады деген күдікпен 37 жастағы жергілікті тұрғын ұсталды. Ер адамда есірткі сататын сайттардың мекен-жайларын жазуға арналған трафарет пен бояу спрейлері болған", - деді Ақсу қалалық полиция бөлімінің бастығы Мыңбай Асылбеков.
Полицейлер есірткіні насихаттайтын және өткізетін интернет-сайттарға сілтемелер таратумен байланысты құқыққа қайшы әрекеттер үшін ҚР ҚК 299-1-бабына сәйкес үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түрінде қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді.
Егер адамдар тобы бұл қылмысты бірнеше рет білім беру ұйымдарында немесе адамдар көп жиналатын жерлерде БАҚ-ты немесе электрондық ақпараттық ресурстар арқылы қызмет бабын пайдалана отырып жасаған жағдайда 3 жылдан 6 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түрінде жаза белгіленеді.