Елордада кейбір мекемелер түннің бір уағына дейін жұмыс істеуін тоқтатар емес
Елорданың мониторингтік топтары бірнеше ай бойы күшейтілген режимде жұмыс істеп, қаланың кәсіпкерлік нысандары арасында карантин талаптарын бұзушыларды анықтап келеді. Бұл шара шектеу шараларын сақтамайтын мекемелер санын азайтуға септігін тигізуде, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Кеше, яғни 2 маусым күні мониторинг топтары төрт мекемені әкімшілік жауапкершілікке тартты.
Алматы ауданының Балқантау көшесінде орналасқан «Искендер» саунасы мен сыра пабы карантин талаптарын бұзғаны анықталды.
Сарыарқа ауданында орналасқан «Insane» PS клубы жұмыс режимінің сағат 23:00-ге дейін шектелгеніне қарамастан, түн ортасына дейін жұмыс істеді. Осыған ұқсас тәртіп бұзушылықты Байқоңыр ауданындағы «Faiz» кафесі де жасады.
Жиналған материалдың бәрі тиісті шаралар қабылдау үшін аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына тапсырылды.
Естеріңізге сала кетейік, Нұр-Сұлтан эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасы бойынша "қызыл" аймаққа енгеніне үш айға жуықтады. Қаладағы эпидемиологиялық жағдай әлі де тұрақсыз. Сол себепті елорда тұрғындары мен қонақтары, сондай-ақ кәсіпкерлік нысандары коронавирустық инфекцияның одан әрі таралуын болдырмас үшін санитарлық нормалар мен карантин талаптарын қатаң сақтауы керек.