Алматыдағы Сайран көліне жас жігіт батып кетті
Құтқарушылар оны бір тәуліктен бері таба алмай жатыр

Алматыдағы Сайран көліне жас жігіт батып кетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
31 мамыр күні, кешкі сағат 17:30 шамасында суға шомылған жігіт жағаға қайтып шыға алмаған. Құтқарушыларға хабарды куәгерлер берген. Жігіт 20-30 жас аралығында деп болжанған. Суға батып кеткен ер адам шомылмас бұрын ішімдік ішкен екен. Алматы қалалық Құтқару қызметінің құтқарушылары қараңғы түскенше жедел арада іздестіру жұмыстарын жүргізгенімен, жігіттің денесін таппады.
«Таңғы сағат 8:30-дан бастап іздестіру-сүңгуір жұмыстары қайта басталып, ҚР ТЖМ РЖҚЖ-ның сүңгуірлері қосымша тартылды. Көл тұнық болмағандықтан су астынан ешнәрсе көрінбейді, іздестіру жұмыстары жанасу арқылы жүргізілді. Оқиға орнына Алматы қаласы Құтқару қызметінің 4 сүңгуірі мен «ҚР ТЖМ» ММ-нен 3 сүңгуір мен 2 қайық жұмылдырылды. Ер адамның денесі әлі табылған жоқ», - деді Алматы қалалық ТЖД баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлдана Нұрымбетова.
Сайран көліндегі су 50 пайыз ғана толтырылғандықтан, бүгінге дейін демалушыларды қабылдауға дайын болмаған. Іздеу жұмыстары әлі жалғасып жатыр.
Әмірболат Құсайынұлы, Алматы