Бір адам ауруханада жансақтау бөлімінде жатыр
Қызылорда қаласында жеке тұрғын үйдің ауласында сақтаулы тұрған 6 тонна дизель отыны мен 4 тонна АИ-92 маркалы бензин жанып кетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Өрт кезінде 1992 жылы туған ер азаматты күйік шалып, жансақтау бөліміне жатқызылды.
Куәгерлердің айтуынша, әуелі үй ауласындағы жанар-жағармай тасымалдайтын көлікті қызыл жалын шарпыған. Артынша тілсіз жау ірі көлемде жанармай тұрған сарайға да жеткен. Өртті сөндіруге 15 техника мен төтенше жағдай департаментінің 52 қызметкері жұмылдырылды. Қазіргі уақытта өрттің шығу себебі мен шығындары анықталып жатыр.
«Өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталмауынан өрт шығып отыр. Негізі тұрғын үйлерде тез жанғыш жанар-жағармай сақтауға қатаң жауапкершілік қаралады. Оған байланысты қазіргі таңда тергеу амалдары жүріп жатыр», - дейді «Өрт сөндіру және авариялық құтқару қызметі» ММ басшысы Нұрсұлтан Ибрагимов.