ШұғылЕлордада Парламент палаталарының бірлескен отырысы басталды

Әуе бортында жанжал шығарған елордалық азаматқа қатысты екі әкімшілік хаттама толтырылды

Оқиға 30 мамырда FlyArystan ұшағында болған

скриншот: видео

30 мамыр сағат 18:05-те FlyArystan әуе компаниясының өкілдері Алматы - Нұр-Сұлтан бағытындағы әуе бортында құқықбұзушылық болғанын айтып, полицияға жүгінген. Бұл туралы Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметінен хабарланды.

Көлік полицейлері жолаушылардың бірінің (ер адам) ұшатын кезде әуе кемесіне қол жүгін алып кіру бойынша ережені бұзып, әуе компаниясы өкілдерінің нұсқауын тыңдамаған. Осыған байланысты авиакомпания өкілдері жолаушыны тасымалдаудан бас тарту туралы акт жасаған.

Сондай-ақ құқық бұзған жолаушы полиция өкілдерінің оқиғаны тергеу үшін кезекші бөлімшеге бару туралы заңды талаптарына бағынбай, орындаудан үзілді-кесілді бас тартқан.

Жолаушыға қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 566-бабы (әуе кемесінде мінез-құлық қағидаларын бұзу) және 667-бабы бойынша (құқық қорғау органы немесе арнаулы мемлекеттік орган, әскери полиция органы қызметкерінің (әскери қызметшісінің), сот приставының, сот орындаушысының заңды өкіміне немесе талабына бағынбау) әкімшілік хаттама толтырылды.

Еске салайық, ұшақ жолаушысы мен полицейлер арасындағы жанжал түсірілген видео әлеуметтік желілерде тарады. Тіпті, құқықбұзушы азамат басқа жолаушыларға да кесірін тигізген.

«Алматыдан Нұр-Сұлтанға ұшып кете алмай отырмыз. Ол артық төлем жасағысы келмеді. Екі үлкен сөмкені салонға кіргізуге тырысты. Кейін супервайзерді итеріп жіберді. Бәрін ұшақтан түсіріп, иттермен тексеру жасады», - дейді куәгерлер.