Қызылорда облысында жол-көлік апатынан 4 адам қаза тапты

Автор: Azattyq Rýhy

Дене жарақатын алған тағы бір адам медициналық мекемеге жеткізілді

Фото: ашық дереккөзден

Қызылорда облысында болған ірі жол апатынан төрт адам көз жұмып, бір адам дене жарақатын алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қайғылы жол-көлік апаты 29 мамыр күні түнгі сағат 23.00 шамасында болған.

Батыс Еуропа – Батыс Қытай тасжолының Қызылорда облысы аумағындағы 1466 шақырымында MAN жүк көлігі мен «Mercedes» жеңіл көлігі соқтығысқан. Жол апаты Қазалы ауданының аумағында болған.

«Аталған жол-көлік оқиғасы бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабының 4-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Онда автомобильдi басқаратын адамның жол жүрісі қағидаларын бұзып, абайсызда екi немесе одан да көп адамның өлiмiне әкеп соғу жағдайы көрсетілген. Жол апатынан 4 адам көз жұмды, 1 адам дене жарақатымен медициналық мекемеге жеткізілді», - делінген облыстық Полиция департаментінің баспасөз хабарламасында.

Қазіргі уақытта тиісті сот сараптамалары тағайындалды. Полиция өкілдері оқиғаның мән-жайы анықталып жатқанын айтты.