Шарын шатқалында сел жүрді: 2 адам қаза тауып, 6 адам зардап шекті
Қаза болғандардың бірі кәмелет жасына толмаған жасөспірім екені анықталды
Алматы облысының Шарын шатқалында болған сел салдарынан 2 адам мерт болды. Тағы 6 адам зардап шекті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
ҚР ТЖМ ресми өкілі Талғат Уәлидің мәліметінше,қаза болғандардың бірі кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірім екені анықталған.
«29 мамыр күні күндізгі сағат 13:35 шамасында Шарын шатқалында сел жүріп, соның салдарынан алты адам зардап шеккені, тағы екі адамның қаза тапқаны жөнінде хабарлама түсті. Оның біреуі кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірім. Тағы бір адам із-түзсіз жоғалып кетті. Зардап шеккендерге жедел түрде медициналық көмек көрсетілді. Жоғалып кеткен адамды іздестіру жұмыстары ұйымдастырылды»,- деді ҚР ТЖМ ресми өкілі Талғат Уәли.
Оның айтуынша, сел жүруіне ауа райы жағдайының күрт өзгеруі (бұршақ араласқан қысқамерзімдік қатты жауын жауған) себеп болған.
«Қазіргі уақытта оқиға орнында 31 құтқарушы, 8 техника және жедел жәрдемнің 4 көлігі мен 6 қызметкері жұмыс істеп жатыр. Өзге ақпараттар әлі анықталық жатыр. Қазіргі таңда 8(7282)22-02-13, 22-02-18 нөмірлері бойынша арнайы желі қосылған. Зардап шеккендерге қажетті психологиялық көмек көрсетілуде», - деді Талғат Уәли.