СҚО-да ауыл тұрғынынан мылтық тәркіленді

Автор: Azattyq Rýhy

Өңірде «Қару» республикалық жедел-профилактикалық шарасы жалғасуда

Солтүстік Қазақстанда ауыл тұрғынынан қару мен оқ-дәрілер тәркіленді. Ол мылтықты қапқа салып, көлікке арналған гаражда сақтап келген. Аталған фактіге қатысты тергеу амалдары басталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Аққайың ауданының 60 жастағы тұрғыны колибрі 5,6 мм «ТОЗ» винтовкасын 38 дана оқ-дәрімен бірге қапқа орап, гаражда сақталып келген. Күдікті қаруды 2019 жылы танысының тұрғылықты жерін ауыстырған кезінде қоя тұруға тастап кеткенін айтқан. Қазір полицейлер бұл ақпаратты тексеруде.

«Тіркелмеген қару қауіп төндіреді. Мамырдың 17-сі бастау алған «Қару» ЖПІШ кезінде облыста заңсыз сақтаудағы 11 бірлік қару алынды. 98 заңды өкіл тіркелген қаруды сақтау ережелерін бұзса, тағы 15 адам қайта тіркеу мерзімдерін сақтамаған. Олар заң талаптарын орындағанға дейін уақытша сақтауға 125 бірлік қару алынды», - дейді СҚО ПД Әкімшілік полиция басқармасының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға испекторы полиция майоры Құрман Мусин.

Солтүстік Қазақстанда «Қару» республикалық жедел-профилактикалық шарасы жалғасуда. Оның мақсаты – қарудың криминалдық ортаға түсуіне жол бермеу және қылмыс жасау ықтималдылығын болдырмау. Осы мақсатта қару иелері тексеріліп, заңсыз сақтау фактілері анықталуда.

«Тәжірибе көрсеткендей, тіркелмеген қару талапқа сай сақталмайды. Оның ұрлануы немесе қылмыстық мақсатта пайдаланылуы мүмкін. Осындай жағдай мамырдың 21-і Ғ.Мүсірепов ауданында анықталды. Екі жасөспірім баласымен бірге тұратын 43 жастағы ауыл тұрғыны 16 колибрлі дара ұңғылы «ИЖ» мылтығын жатын бөлмедегі жиһаздың сыртында сақтап келген. Мылтықты жуырда көлдің жағасынан тауып алғанын айтты»,  -  дейді Құрман Мусин.

Полиция департаментінің мәліметінше, аталған фактіге қатысты қауіпті зат тәркіленіп, иесіне қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексінің 482-бабы «Жеке және заңды тұлғалардың қаруды заңсыз иеленіп алуы, беруі, өткізуі, сақтауы, алып жүруi, тасымалдауы» бойынша материал жиналған.

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО