«Кәпір болып кетсем де...»: Аягөз қаласының экс-әкімі соттағы соңғы сөзінде «Абай жолы» романынан үзінді келтірді

Автор: Azattyq Rýhy

Прокурор Қуаныш Азыхановты  5 жылға соттауды сұрады

ШҚО Аягөз қаласының экс-әкімі Қуаныш Азыханов сотта соңғы сөзін айтып, өзін ақтауды талап етті. Өзін жаланың құрбанымын деген экс-әкім  «Абай жолы» романы эпопеясынан үзінді келтірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

9 ай тергеу абақтысында отырған Азыханов өзіне тағылған айыпты мүлдем мойындаған жоқ. 60 жастан асқанда істі болған әкім өзін жаланың құрбанымын деп есептейді.

«Кінәмді дәлелдей аламайтындарына сенімдімін, өйткені арым таза, мен қылмыс жасағаным жоқ. Қылмыстық  материалдардағы мәтіндер бірыңғай жала, маған арандатушылық қылмысы жасалған. 30 жылымды елге қызмет етуге арнадым. Бұл істердің бәрін маған Семей өңірі бойынща сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметкерлері ұйымдастырған. Қазір олардың өздерінің үстінен тергеу жүріп жатыр», - деді сот залында отырып-ақ сұхбат беріп үлгерген экс-әкім.

Тергеу құжаттарында Азыхановтың кәсіпкерден 1 млн 200 мың теңге пара алғаны айтылған. Қаланың бұрынғы басшысы 2020 жылдың 17 қыркүйегінде соттың санкциясымен қамауға алынды. Әкімнің үстінен арызданған адам – өзінің дастархандас, бірге қызмет жасап жүрген танысы Кенен Алпысбаев. К. Алпысбаев басқаратын аудандық  мәдениет үйіне ЖК «Көркем» жөндеу жұмыстарын жүргізген. Ол компанияның иесі әкімді мүлдем көрмегенін айтқанымен, әлгі директор кәсіпкерден алған ақшаны екі бөліп әкелген.  Тергеушілер параны экс-әкім делдал арқылы алды деп санайды. 9 айға созылған даулы іс соңына жетсе де, Азыханов өзіне тағылаған айыпты мүлдем мойындамай, ақшаны өзіне салынған 8 миллион теңге айыппұлды өтеу үшін қарызға сұрағанын қайталады.   

«Абай жолы» романында Құнанбайдың  Қодар мен Қамқаны нақты дәлелденбеген қылмыстары үшін жауапқа тартып, өлім жазасына кеседі. Өсек арқылы жала жабады. Ол заман 19-ғасыр еді, қазір біз 21 ғасырдамыз. Айырмашылық жоқ, сол жала жабу құрбандары қазірде көп. Баласы қайтыс болған Қодар келіні екеуі туралы өсекті естігенде күйініп, «Құдай-ау, қылдың ғой маған қылмағанды. Кәпір болып кетсемде мен де қылармын саған», - дейтін жері бар. Кәпір болып кетсем де, мен де соңына дейін барам. Қазір де прокурорлар істемеген қылмыс үшін маған жаза сұрап отыр. Қобалжып отырғаным жоқ. Ақталатын сияқтымын. Мұнда ақталмасам, облыстық сотта, болмаса Жоғары сотта ақталамын», - деді Қ. Азыханов. 

Прокурор Ғасырбек Баяхматбаев Аягөз қаласын екі жыл басқарған бұрынғы әкімді 5 жылға қамауды сұрады. Қант диабетіне ұшырап, қан қысымы ауруына шалдыққан экс-әкімге ҚР Қылмыстық кодексінің 366-бабының 2-бөлімі  бойынша айып тағылған. Шенеуніктің сөзінше, қомақты ақшаны өзін соттап жатқан судьялар салған.

«Қазақта «Аса қайрат – жанға қас» деген сөз бар. Себебі, мен Аягөз қаласының әкімі ретінде бұрын-соңды жасалмаған 25 жобаны қолға алдым. Жауапкершіліктен қорықпадым. Тәжірибемнің жоқтығы, ЖКХ мамандарының жаңадан жұмысқа келуі өз әсерін тигізді. Мамандардың жіберген қателіктері үшін маған судьялар 8 млн тг жуық айыппұл салды. Өзімдегі бар ақшаммен айыппұлдың 2 млн 666 мың теңгесін төледім. Қалғанын төлеу үшін қарыз сұрауға мәжбүр болдым. Міне, сол кезде осы оқиға басталды. Жанымда дос болып жүрген Кенен Алпысбаев жау болып шыға келді.  Арымның тазалығын, парақор емес екенімді, күнәсіздігімді қазақстандықтардың, аягөздіктердің, жанұямның алдында дәлелдеп шықтым. Аягөз халқы маған сенеді, бағалайды. Енді заң жүзінде ақталуым ғана қалды. Сот тергеуі барысында ШҚО Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті Семей аймақтық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басқармасы қызметкерлерінің бірнеше қылмысқа қатысы бары анықталды. Тергеуші Ерденбеков қылмыстық істегі куәгерлердің сөздерін айыптау ісіне бұрмалап, қасақана жазып жіберген. Агенттіктің ішкі қауіпсіздік қызметі тергеуші Ерденбековтың ҚР ҚК 128, 129 және130 баптарын бұзғаны үшін оған сөгіс жариялады. Тергеу толыққанды жүргізілмей сотқа жолданды. Мұндай жағдайда дамыған елдерде сотталушыны бірден ақтап жібереді. Алпысбаевтың ақшаны маған тастап, қашан жөнелгені, ол ақшаны тіптен менің қолға да ұстамағаным сот сараптамасы барысында анықталды. Тіптен маған пара берілгенін кәсіпкерлердің өзі де білмейді. Мұны ұйымдастырған мәдениет үйінің директоры Алпысбаев пен тергеушілердің арандатушылық әрекеті. Құрметті судья ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексіндегі 35 бабының 2-тармақшасын басшылыққа ала отырып, маған қатысты қылмыстық құқықбұзушылықтың болмауына, ҚР ҚК 366-бабының 2-бөліміндегі қылмыстың дәлелденбеуіне байланысты мені ақтап, сот залынан бостауыңызды сұраймын», - деді соттағы соңғы сөзінде Қ. Азыханов.

Егер сот Азыхановтың қылмысы дәлелденді деп тапса, мүлкі тәркіленіп, параның алпыс еселенгенге дейінгі сомасы мөлшерінде айыппұл салынуы  немесе үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруы мүмкін. Оның ісін Аягөз қаласының үш судьясы кезекпен қарап, соңғы үкімді Медет Рахатаев 26 мамыр күні шығаратын болды.

Әмірболат Құсайынұлы, Алматы