Күдіктілер 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін
Шығыс Қазақстан облысында 380 келіден артық марихуана және гашиш тәркіленді, деп хабарлайды 24.kz.
Облыстық полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бұрын сотты болған 50 жастағы Жамбыл облысы тұрғынын әшкереледі. Ол 300 келіден астам марихуана және 8 келіге жуық гашишты жүк көлігіне жасырып, Өскеменге жеткізуді жоспарлаған. Және осыған дейін де жеткізіп отырған. Қазір осы схеманың барлық қатысушылары белгілі болып, қамауға алынды.
Алдымен өскемендік 43 жастағы азаматтан 1,5 келі марихуана тәркіленсе, көп ұзамай оны сақтайтын адам да қолға түсті. Одан 74 келі марихуана мен екі келіге жуық гашиш алынған. Тәркіленген барлық есірткі заттарының «қара базардағы» құны 320 миллион теңгеден асады.
«Қазір күдіктілер ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабы бойынша, 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін», - ШҚО ПД бастығы Сағат Мәдиев.