ШұғылҚазақстанда COVID-19 вирусын жұқтырғандар саны азайып келеді

Ақтөбе тұрғыны босанған келіншегін перзентханадан емес, мәйітханадан тапқан

Қайғылы жағдайдың себебін сұрай барған қаралы отбасының туыстарын перинаталдық орталықтың директоры қуып шықты

Ақтөбеде перзентханада қайтыс болған келіншектің туыстары шу шығарды. 30 жастағы Аймира Атшыбаеваның босану кезінде бақилық болғанын дәрігерлер дер кезінде жақындарына естіртпеген. Тек денесі мәйітханаға түскенде ғана дүниеге аман-есен келген шақалақтың анасынан айырылып қалғанын біліпті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Ал келіншектің өліміне не себеп болағын айтудан мамандар қашқақтап жүрген. Тіпті қайғылы жағдайдың себебін сұрай барған қаралы отбасының мүшелерін перинаталдық орталықтың директоры қуып шықты.

Марқұм Аймира Атшыбаева соңғы рет перзентханада жұбайына хабарласып, қиналып жатқанын айтыпты. Мұны естіген бойда күйеуі орталыққа жеткенімен, дәрігерлер түн жарымына дейін кіргізбей қойған. Тек есікті теуіп кіргенде ғана әйелінің мейітханада екенін айтқан.  

«Қиналып жатырмын деп жазып жіберген. Содан кейін телефоны сөніп тұрды. Біз сағат алтыдан бастап перзентхананың алдында жүрдік. Сағат 11,30 әлде 12,30 болғанда, есікті қақтық, Біз шу шығарған соң ғана әрең ашты. Сол кезде барып ішінде күтіп отырдық. Содан соң өмірден өткенін айтты», - дейді марқұмның жұбайы Алтынбек Жұмағазиев.

Былтыр ғана тұрмысқа шыққан Аймираның бұл алғашқы жүктілігі болған. Тоғыз ай бойы тұңғышын көтеріп жүргенде денсаулығына қатысты еш шағымы болмапты. Тек босанар уақытынан күні асып кеткен. Перзентханаға бірнеше рет келгенімен, дәрігерлер оны кері қайтарып отырған.

«Тұңғышын босанайын деп тұр. Дәрігерлер нәрестесі ірі екенін біліп тұр. Уақыты өтіп кетті. 41-ші апта. Босану мерзімінен екі жеті, яғни 14-12 күн асып кеткен. Дәрігерлер сол уақыттан бері не бітіріп отырды? Ол осы перзентханаға осы уақытқа дейін бес-алты рет түскен болатын», - дейді марқұмның әпкесі Әлия Атшыбаева. 

Келіншек аман-есен өзі босанып, ұл туады. Бірақ жолдасы шықпай, жарты сағат өткен соң қан кетіп қайтыс болған. Оның өліміне не себеп болғанын білмек болған туыстарын дәрігерлер перзентханаға жолатпай қойды. Тіпті перинаталды орталықтың директоры тәртіп сақшыларын шақырып, қуып шықпақ болды.

- Қайғыдан қан жұтып келіп тұрмыз.

-Айқайлай берме!

- Айқайлаймын.

- Кір, кіріңдер...

Ақыры айқаймен далаға шыққан перзентхана басшысы ешкімге көңіл айтпастан, келіншектің бала көтерерден бұрын пневмониямен аурығаны қан кетуіне себеп болды деп отыр. Сондықтан жатыры жиырылмай қалған көрінеді.

«Кесір тілігін жасауға ол кезде көрсеткіш болмады. Әйелдің өзі жақсы босанды. Негізі болмады. Жатыры жиырылмады. Жиырылмаған соң қан кетті», - деді Ақтөбе облысы перениталдық орталығының директоры Асхат Балықов.

- Неге жай, үш сағаттан кейін, төрт сағаттан кейін естірттіңіз?

- Мен айта алмаймын. Өйткені дәрігерлер есін жия алмай қалды...     

Марқұмның жақындары келіншектің дәрігерлер салғырттығынан қайтыс болғанына сенімді. Енді олардың үстінен іс қозғап, сотқа бермекші.

«Осыған кінәлі, қызымыздың өмірін қиған, оның ботасын, кеше ғана дүниеге келген сәбиін анасыз қалдырып кеткен, қалдыруына себепші болған барлық дәрігерлерді жазалауды сұраймын. Заң бойынша мен соған дейін барамын», - деп ашынды марқұмның әпкесі Бақытгүл Атшыбаева.

Облыстық перинаталды орталықтың директоры Асхат Балықов аталмыш оқиғадан соң бірден қызметінен кетті. Бұған дейін жақында ғана осы перзентханада тағы бір ана туыт кезінде қайтыс болған. Енді комиссия құрылып, келіншектің өлімінің себебін зерттеледі.