Бұған Әбілқайыр Сқақовтың Нұржан Әшімбетовке «жұмысын дұрыс атқармады» деп жаза қолдануы себеп болған
Керекуде Ақсу қаласының әкімі облыс әкімін сотқа берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.
Бұған Әбілқайыр Сқақовтың Нұржан Әшімбетовке «жұмысын дұрыс атқармады» деп жаза қолдануы себеп болған.
Талап арызда Ақсу әкімі, аймақ басшысының негізсіз сөгіс бергенін және заңсыз қызметтік тексеру жүргізбек болғанын жазған.
Облыс әкімі шаһар басшысына қаланың 1 тоқсандағы әлеуметтік даму көрсеткішінің төмендеуіне байланысты сөгіс жариялапты. Алайда,онымен келіспеген Нұржан Әшімбетов өз уәжін әлеуметтік желідегі парақшасында да жариялаған болатын. Онда ол 25 жылдық қызмет өтілінде алғаш рет сөгіс алғанын жазған. Енді қала әкімінің бұл ісі ертең өңірдің әдеп жөніндегі кеңесінде де қаралмақ.
«13 мамырда Ақсу әкімі Нұржан Әшімбетовтен 2 талап арыз түсті. Қазір бұл шағым қаралу үстінде. Әкімшілік кодекстің 105 бабы бойынша сот ол арызды 5 жұмыс күні ішінде қарап, өндіріске қабылдау және қабылдамау туралы шешім шығаратын болады», - деді Павлодар қалалық сотының баспасөз хатшысы Руфат Ерғалиев.