Петропавлда қайтыс болған адамның затын ұрлаған күдікті ұсталды
Шығын көлемі - 290 мың теңге
Петропавлдық әйел металлолом мен екі велосипед ұрланғаны жайлы полицияға арыз жазған. Алайда, ұрланған заттардың иесі былтыр қайтыс болған. Оның барлық туыстары шетелде тұрады екен. Марқұмның көршісі туыстарының сенімхаты бойынша заттарына қарап, мұрагерлік мәселелерімен айналысқан. 16 мамыр күні әйел үйдің ауласындағы заттардың жоғалғанын байқаған. Шығын көлемі 290 мың теңгені құрады. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында жедел уәкілдер ең алдымен көрші аулаларды тексеріп, олардың бірінен жоғалған заттарды тапты.
«Күдікті – бұрын сотты болған, 32 жасар қалалық. Күдіктінің айтуынша, қайтыс болғанның мүлкіне мұрагерлер иелік етеді деп ол ойламаған, ол үшін ең бастысы заттардың «иесі жоқ» болған. Аталған факті Қылмыстық кодекстің 188-бабы (ұрлық) бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіміне енгізілді. Ұрланған заттар қайтарылды», - деді Екінші полиция бөлімі бастығының орынбасары полиция майоры Гүлмира Сағитова.