Павлодарда көпқабатты үйден өрт шығып, ер адам күйіп қалды
Ер адам ауруханаға жатқызылды

Павлодарда көпқабатты үйден өрт шығып, ер адам күйіп қалды, деп хабарлады Pavlodarnews.kz.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәлімдеуінше, 2021 жылғы 14 мамырда сағат 00:02-де Қайырбаев көшесі, 36 мекенжайы бойынша бес қабатты үйдегі өрт туралы хабарлама келіп түскен.
"Екі бөлмелі пәтердің залында үй заттары, жиһаз 16 шаршы метрде өртенді. Барлау жүргізу барысында бесінші қабаттың баспалдақ алаңында 1967 жылы туған ер азамат анықталды. Диагнозы: улы газбен уланған, 2-3 дәрежелі күйікпен екі қолдың, бастың, мойынның 20-25 пайызын күйік шалған, ессіз жағдайда болған", - деді департаментте.
Ер адам №1 қалалық ауруханаға жатқызылды.
Департаменттің хабарлауынша, өрт сөндірушілер келгенге дейін 10 адам өздігінен эвакуацияланған. Өрт сағат 00:38-де сөндірілді.
Апаттың себебі мен шығыны анықталуда. Оқиға орнына жеке құрамнан 30 адам және 10 техника, АМО сынақ өрт зертханасы, «103», «102», қалалық электр желісі қызметтері шықты.