Таразда жеке үй тұрғындары жаяу жүргіншілердің жолына бөгет келтірген
Оларға қатысты шара қолдану үшін тиісті мекемеге арнайы хат жіберілді
Тараз қаласында тұрғындар көше бойындағы жаяу жүргіншіге арналған жолды өз меншіктеріне иелеп алған. Бұл туралы Мәди Қалжанов есімді фейсбук қолданушысы өз парақшасында жазды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Бейнежазбада автор Тараз қаласы Қапал көшесінің кей тұрғындары қызыл жолақтан өтіп, жаяу жүргіншіге арналған жолды өз мүдделеріне пайдаланып жүргендігін айтқан. Жеке тұрғын үй иелері заңды бұзып қана қоймай, жолға кеспе тастар (брусчатка) төсеп, төбесіне шатыр орнатып, көліктерін қойып қойған. Тұрғындардың мұндай әрекеті тротуарға бөгет болғандықтан, жаяу жүргіншілер көлік жолының үстімен жүруге мәжбүр.
Видео авторы көше жолының онсыз да тар екенін алға тартып, мұндай бассыздық әсіресе, ойын баласына қауіпті екенін айтқан.
Azattyq Rýhy тілшісі аталған мәселеге орай Тараз қаласы әкімдігіне хабарласып, бейнежазба авторының шағымына қатысты бірқатар сұрақтардың жауабын алды.
«Шағымда көрсетілген мекен жайға тиісті сала мамандары арнайы барып талдау, зерделеу жұмыстарын жүргізді. Талдау барысында 6 (алты) тұрғын үй иелері (атап айтқанда № 72, 86, 117, 128, 161, 163) өз бетінше заңсыз ортақ пайдаланудағы жер телімдеріне шатыр орнатылғаны анықталды. Осыған байланысты,Тараз қаласы әкімдігінің жер қатынастары бөлімі мамандарымен Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 164-1 бабының 2 тармағына сәйкес, жоғарыда аталған 6 тұрғын үй иелеріне тиісті шара қолдану үшін «Жамбыл облысы әкімдігінің жерлерді пайдалану және қорғалуын бақылау басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне арнайы хат жіберілді. Сонымен қатар, жаяу жүргіншілер жолына автокөлігін қойған жүргізушіге хаттама толтырылып әкімшілік құқық бұзушылық кодексі бойынша айыппұл салынды», - делінген хабарламада.
Сондай-ақ, жергілікті билік аталған аумақта 80 метр жерге жаяу жүргіншілер жолын салу және 3 электр бағаналарын ауыстыру қажеттігін атап өтті.
«Жаяу жүргіншілер жолын салуға жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, бюджеттік өтінім ұсынылып, мемлекеттік сатып алу конкурсына беріледі. Алдағы уақытта конкурс нәтижесін анықтау және аталған жұмыстарды толығымен аяқтау 3 ай мерзім ішінде орындалады», - деп нақтыланды.