Алматы облысында 2 жасар баласын өлтіріп, тоңазытқышта ұстаған әйел мәжбүрлі емделуге жіберілді

Автор: Azattyq Rýhy

Баланың денесін туысы тауып алған

Алматы облысының мамандандырылған қылмыстық соты таратқан мәліметке қарағанда, әйел адам шизофрения ауруына шалдыққан. Сол себепті оған қатысты қылмыстық өндіріс сот қаулысымен тоқтатылды. Енді 27 жастағы әйел мәжбүрлі түрде мамандандырылған психиатриялық стационарда емделеді, деп хабарлайды КТК.

"Күдікті жасаған әрекеті қауіпті екенін сезбеген. Сот алдында жауап бере алмайды. Сол себепті мамандандырылған психиатриялық стационарда мәжбүрлі түрде емдеу сияқты медициналық сипаттағы шараны қолдануға кеңес береміз", - делінген сарапшы қорытындысында.

Осының негізінде сот қылмыстық істі тоқтатып, айыпталушыны мамандандырылған психиатриялық стационарда мәжбүрлі түрде емдеуге жіберу туралы шешім қабылдады.  

Еске сала кетейік, өткен жылы қараша айында полицияға баланың әпкесі хабарласып, үш жасар ұлды шілде айынан бері көрмегенін жеткізді. Ал анасы сәбиді Талдықорған қаласында жалдамалы тәрбиешіге бергенін айтқан, алайда үйіне кіргізбеген. Бұл жерде шикілік бар екенін сезген әйел үйге терезеден кіріп, мұздатқыштан баланың денесін тапқан.

Одан соң полиция күдіктіні іздеп, біраз уақыт өткен соң Үштөбе қаласының 27 жастағы тұрғынын ұстады. Ол ұлын өлтіргенін мойындады. Оның айтуынша, баланың әкесімен ажырасып кеткен. Ол басқа елде тұрады.