Шымкентте жоғалып кеткен 11 жасар қыз табылды

Автор: Azattyq Rýhy

Жасөспірімді іздеу жұмыстарына 500-ден астам полиция қызметкер жұмылдырылды

Фото: ашық дереккөзден

Шымкенттік тәртіп сақшылары жоғалған 11 жасар қызды тауып, ата-анасына табыстады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қалалық Полиция департаментінің хабарлауынша, 2021 жылдың 12 мамырында Абай аудандық Полиция басқармасына жергілікті жердің 1977 жылғы тұрғыны хабарласып, шамамен сағат 17:30-да 11 жасар қызының үйден шығып, белгісіз бағытқа жоғалып кеткені туралы арызданған.

Шымкент қаласы Полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Ералы Жумаханбетовтың дабыл қағуымен 500-ден астам полиция қызметкері 11 жасар қызды табу үшін іздестіру іс-шарасына жұмылдырылды. Сондай-ақ, кинологияның қызметтік иттерімен іздестірілді.

«Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде 13 мамыр күні кешкі сағат 10:20 щамасында Абай ауданы Полиция басқармасының Криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері 11 жасар қызды үйінен 35 шақырым жердегі Төле би ауданы Леңгір қаласынан аман-есен тауып, ата-анасына жеткізді», - делінген хабарламада.

Өз кезегінде, жоғалған қыздың ата-анасы шымкенттік полицейлерге алғысын айтып, ризашылығын білдірді.

Тегтер: