СҚО-да жалғызбасты әйелдерді тонап жүрген алаяқ жігіт ұсталды

Автор: Azattyq Rýhy

Альфонс осы жылдың сәуірінен бері іздеуде болған

 

СҚО ПД Криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері Петропавл қалалық полиция басқармасындағы әріптестерімен бірлесіп, айласын асыра бірнеше ұрлық жасағаны үшін іздеуде жүрген теміртаулық тұрғынды қолға түсірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бұрын сотты болған 34 жастағы ер адам жалғызбасты әйелдермен танысып, сеніміне кіріп алған соң 1-2 айдан кейін ыңғайлы сәтті пайдаланып, пәтерде жалғыз қалған кезінде үй иесінің заттарын қолды қылып, қашып кетіп отырған. Ол мұндай қылмыстарды Павлодар, Теміртау, Абай қалаларында жасаған.

«Альфонс осы жылдың сәуірінен бері іздеуде болған. Ер адамның Петропавл қаласында болуы ықтимал деген ақпаратты алысымен полицейлер жедел-іздестіру іс-шараларына кірісті. Жалдамалы пәтерлер тексерілді. Олардың бірінде жалғызбасты әйел, ал онымен бірге іздестірудегі ер адам тұрып жатқаны анықталды. Ұсталғанға дейін оны әйел асырап келген.

Сеніміне кірген ер адамның өзін басқа атпен таныстырғанын, оның ыңғайлы сәтті күтіп жүргенін естіген әйел абдырап қалды», - дейді СҚО ПД Криминалдық полиция басқармасының бастығы полиция полковнигі Пётр Климов.

Қазіргі кезде күдікті Теміртау қалалық ПБ Шығыс полиция бөліміне тапсырылды.

Жыл басынан бері криминалдық полиция қызметкерлері облыс бойынша іздеу жарияланған 7 қылмыскерді анықтады. Сонымен қатар, Қарағанды қаласындағы әріптестерінің сұрату жіберуімен 1 және жақын шетелдер іздеу жариялаған 12 қылмыскер ұсталды.