Екі күдікті де уақытша ұстау абақтысына қамауға алынды
Қызылордалық полицейлер қала тұрғынынан 2,5 миллион теңгенің есірткі затын тәркіледі, деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасымен жүргізілген жедел іздестіру іс-шараларының нәтижесінде, 10 мамыр күні облыс орталығының тұрғыны жарты келіге жуық марихуана есірткі затын сатқандығы анықталды. Ірі мөлшерде есірткі сатқан адамның тұрғылықты мекен-жайынан, яғни көпқабатты үйдің жертөлесінен төрт килограммнан асатын және автокөлігінде 300 гр. жуық марихуана есірткі затын сақтағандығы анықталды. Заттай дәлелдемелер алынып, сараптамаға жолданды. Олардың “қара нарықтағы” бағасы 2,5 млн теңгеден астам.
Күдікті азамат есірткі затын қала тұрғынынан алғанын айтып, есірткінің өздеріне тиесілі екенін толығымен мойындады. Сонымен қатар, күдіктілердің тұрғылықты мекен-жайына тінту тергеу әрекетін жүргізу барысында газет қиындыларына оралған есірткі заттарымен қоса есірткі тұтынуға арналған құралдар анықталып, заттай дәлелдеме ретінде алынды. Екі күдікті де Қызылорда қалалық ПБ-ның уақытша ұстау абақтысына қамаққа алынды.
Қазіргі уақытта аталған есірткі қылмысына басқа да тұлғалардың қатыстылығы тексеріліп, ҚР ҚК 297-бабының 1-бөлігі бойынша (Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу) сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Қызылорда облысы ПД нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күреске бағытталған іс-шараларды белсенді түрде жалғастыруда.
"Облысымыз бойынша жыл басынан барлығы 45 есірткі қылмысы анықталды. Оның ішінде есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеудің 33 дерегі, есірткіні аса ірі мөлшерде сақтаудың бір дерегі, есірткіні өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдаудың 10 дерегі, есірткіні насихаттау немесе заңсыз жарнамалаудың бір дерегі анықталды. Заңсыз айналымнан 20 кг жуық есірткі тәркіленді", – деді Қызылорда облысы Полиция департаментінің бастығы Сұлтан Бектөре.