Жолдың қарама-қарсы бағытына шығып жүрген автокөлік жүргізушісі полицейлер талабына бағынбай, қашып кеткен
Атырауда полицияға қарсылық танытқан көлік жүргізушісіне 292 мың теңге айыппұл салынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
7 мамыр күні сағат 01:00 шамасында Атырау қаласы Полиция басқармасының патрульдік полиция қызметкерлері Азаттық көшесінде орналасқан «Бармаглот» мейрамханасының тұсынан маркасы «Ваз 2110» автокөлігін жолдың қарама-қарсы бағытына шыққаны үшін тоқтату кезінде, аталған автокөлік жүргізушісі полиция қызметкерлерінің тоқтату туралы заңды талабына бағынбай, қашып кеткен.
«Алайда, полиция қызметкерлері аталған автокөлікті артынан жүріп отырып, Сырым Каженбаев көшесі, 50 үйдің тұсынан тоқтатып тексерген кезде, 23 жастағы көлік жүргізушісі полиция қызметкерлерінің заңды талабына бағынбай қарсылық танытқан. Сонымен қатар, аталған көлік жүргізушісінің көлік басқаруға құқығы жоқ екені де белгілі болған», - делінген облыстық Полиция департаментінің баспасөз хабарламасында.
Нәтижесінде, 23 жастағы көлік жүргізушісіне қатысты ҚР ӘҚбтК-нің 667 бабының 1 бөлігімен (полиция қызметкерлерінің заңды талабына бағынбау) әкімшілік хаттама жасақталып, жинақталған іс-құжаттар заңды шешім қабылдау үшін әкімшілік сотқа жолданды.
Одан басқа, ҚР ӘҚБтК-нің 596 бабының 5 бөлігімен (Жүргізуші куәлігі жоқ күйде жолдың қарама-қарсы бағытына шығу), ҚР ӘҚБтК-нің 612 бабының 2 бөлігімен (Жүргізу құқығы жоқ күйде), 613 бабының 1 бөлігімен (Полиция қызметкерлерінің тоқтату талабын орындамау) әкімшілік хатттамалар толтырылып, барлығы 291 700 теңге көлемінде айыппұл салынды.