Солтүстік Қазақстанда заңсыз айналымнан 100 литр алкоголь тәркіленді

Автор: Azattyq Rýhy

Ауыл тұрғыны ішімдікті жасырын сатып келген

Фото: ашық дереккөзден

Солтүстік Қазақстанда заңсыз айналымнан 100 литр алкоголь тәркіленді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Ғабит Мүсірепов атындағы аудан тұрғындарының бірі алкоголь өнімін жасырын сатып келгенін мойындаған. Аталған факті криминалдық полиция қызметкерлері және 5 ауылдық округке қызмет көрсететін Чистополье ауылдық поселкелік полиция пунктінің учаскелік полиция инспекторларының бірлескен тексерісі кезінде анықталды. Полицейлер ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 463-бабы «Тиiстi тiркеусiз, рұқсатсыз немесе хабарлама жібермей кәсіпкерлік немесе өзге де қызметпен айналысу, сондай-ақ әрекеттердi (операцияларды) жүзеге асыру» бойынша материал жинастырды. Көлемі 0,5 литрден 5 литрге дейін 100-ден астам пластик бөтелке тәркіленді. Алынған материалдар зертханаға жіберіліп, сараптама тағайындалды, нәтижелері бойынша материалдар сотқа жолданады.

«Бұл - жыл басынан ауданда тәркіленген ең ірі көлемдегі заңсыз алкоголь. Заң бұзушының сөзіне қарағанда, ол құрамында спирті бар өнімді Көкшетау қаласында сатып алып жүрген. Құрамында спирті бар өнімді заңсыз таратуға қарсы күрес – учаскелік полиция инспекторларының жұмысындағы міндеттердің бірі. Алкогольді асыра пайдалану құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың жасалуына себепші болып жатады. Тиісті жағдайда сақталмайтын лицензияланбаған спирттік ішімдіктер адам денсаулығына зиян келтіруі мүмкін», - деді аудандық полиция бөлімінің бастығы полиция подполковнигі Марат Әлжанов.

Солтүстік Қазақстанда жыл басынан бері аудандарда алкогольді заңсыз сатудың 9 фактісі анықталды.

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО