Даниал Ахметов облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасына сөгіс жариялады

Автор: Azattyq Rýhy

Ол 100 жастағы тыл ардагерінің немересіне дөрекілік танытқан

Хауа Бұланбаева, тыл ардагері

Шығыс Қазақстан облысында Жеңіс күніне орай бір күн бұрын жүз жастағы тыл ардагерінің немересіне адрагерлер кеңесінен хабарласып, әжесі Хауа Бұланбаеваны облыс әкімі Даниал Ахметов арнайы барып құттықтайтынын айтқан. Ол бұл туралы әлеуметтік желіде жазба қалдырған. Алайда артынша бұл жоспар күрт өзгерген.

Немересі Манаптың айтуынша, кейуана Кеңгірбай бидің ұрпағы болғандықтан, түрлі батасын еске түсіріп, жол қарап, шенеуніктерді күткен. Содан кейін олардың нақты қашан келетінін білу үшін ардагерлер кеңесіне хабарласқанда, жаға ұстататындай жауап естіген.

«Ол кісі темекі шегетіндіктен және өте кәрі болғандықтан тізімнен алып тастадық» деген жауапты естіп, есеңгіреп қалдым. Енді шенеуніктердің келмейтінін әжеме қалай айтарымды білмеймін», – деп жазды желіде кейуананың немересі Манап.

Желідегі жазбаға пікір білдіргендер егер кейуананы облыс басшысы құтттықтап бармайтын болса, өздері барып құттықтауға дайын екені жеткізген.

Бұл жағдайға қатысты облысы басшысы Даниал Ахметов пікір білдіріп, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Айтқазы Шерубаевқа сөгіс жарияланғанын жеткізді.

«Соғыс жылдары ұстаздық еткен, көшірілген балаларды қабылдап, тыл еңбеккері Хауа Бұланбаеваның құттықтауына байланысты мәселе де егжей-тегжейлі талқыланды. Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Айтқазы Шерубаевқа сөгіс жарияланды.

Жалпы, жиын қорытындысы бойынша мынаны айтқым келеді: Жеңіс күні - ең айтулы мереке, алайда ардагерлер мен тыл еңбеккерлеріне қамқорлық жасауды және оларды қолдауды біз жыл бойы ұмытпаймыз. Әрбірі біздің жадымызда, олардың өмірлері жақсы болуы үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға тырысамыз. 9 мамыр қарсаңында мен Хауа Бұланбаеваны және біз мақтан тұтатын басқа да жерлестерімізді міндетті түрде мерекемен құттықтаймын», - деп түсіндірді өңір басшысы.

Биыл ШҚО-да Ұлы Отан соғысына қатысқан 79 ардагер 1 миллион теңгеден алады. Ленинградтың қоршауында болған 11 адамға, концлагерь тұтқыны болған 24 адамға, марапатталған 320 тыл еңбеккерлеріне, ҰОС-та жесір қалған 531 адамға 100 мың теңгеден беріледі. Марапатталмаған 12 491 тыл еңбеккері 42 500 теңгеден алады.

«Біздің әрқайсымыз ардагерлер мен тыл еңбеккерлерінің жасаған ерліктерін жоғары бағалайтынымызға сенімдімін. Менің әкем 18 жасында әскерге шақырылып, қан майданда жаумен шайқасты. Курск шайқасында және Берлинді басып алу кезінде үш рет ауыр жарақат алды. Аға лейтенант Ахметовтің алғашқы жауынгерлік наградасы «Ерлігі үшін» медалі болды. Әрбір отбасының өз соғыс тарихы бар. Бұл ретте баршамыздың қасиетті міндетіміз - әкелеріміз бен аталарымыздың ерліктерін есте сақтау және құрметтеу», - деді облыс басшысы.