Қостанай облысында жасөспірім өтіп бара жатқан қыздарға оқ атқан

Автор: Azattyq Rýhy

Біреуінің білегіне, екіншісінің жамбасына оқ тиген қыздар жедел жәрдем бөліміне жеткізілді

Фото: ашық дереккөзден

Арқалықта 15 жастағы жасөспірім өтіп бара жатқан қыздарға травматикалық қарудан оқ атқан. Полиция екі қызға дене жарақатын салу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр. Бұл туралы Қостанай облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Оқиға 3 мамыр күні болған. Полиция дерегінше, ауруханадан 17 және 25 жастағы екі қыз баланың оқ тиіп жарақат алғаны туралы хабарлама түскен. Біреуінің білек тұсынан, екіншісінің жамбас тұсынан оқ тиген қыздар жедел жәрдем бөліміне жеткізілген.

«Алғашқы тергеу әрекеттері барысында қыздардың Маясова көшесімен өтіп бара жатып тарсылды естігені, содан кейін өздеріне оқ тигені анықталды. Қыздар ауруханаға жеткізіліп, оларға алғашқы медициналық көмек көрсетілді. Қазіргі уақытта «Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Оқиға орнында пневматикалық қарудың оғы табылды», – деп түсіндірді Полиция департаменті.

Қазіргі уақытта сараптама тағайындалып, тергеу жүріп жатыр. Полиция әкесіне тиесілі пневматикалық қарудан оқ атқан 15 жастағы жасөспірімнің кім екенін анықтады. Қазіргі уақытта оның ата-анасына қатысты «Кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау» бабы бойынша әкімшілік іс қозғалды.