Сотталушы жұрттан ұялатынын айтып, сотқа тілшілердің қатысқанын қаламаған
Атырауда туа сала баласын қоқысқа тастаған келіншекке қатысты іс сотқа жетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.
Жарық дүние есігін ашпай жатып, қатыгездікке тап болған шарананың анасы мен оның адвокаты, сот процесіне журналистердің қатысуына қарсылық білдірді.
«Ұяламын» деген әйел – Қызылқоға ауданы Сағыз ауылының 35 жастағы тұрғыны. Келіншек дәретханада босанып, нәрестесін қоқыс алаңына лақтырған деп айыпталып жатыр. Безбүйрек анаға қылмыстық іс алғашында «Жүктілікті жасанды үзуді заңсыз жүргізу» бабымен тергелді. Қазір «Жаңа туған баланы анасының өлтiру» бабымен қаралып жатыр.
Айта кетейік, сот процесі онлайн өтуде, айыпталушы да ешқайда шықпау туралы қолхатпен босатылған. Ол да бұл процеске онлайн қатысуда.
«Жабық сот отырысында өтеді деп қаулы етіп отыр. Себебі қазіргі таңда сотталушы тілші маманның қатысуына қарсы болып отыр. Себебі отбасылық тұрмыстық жағдайлар кикілжің алатын мән-жайлар анықталуы мүмкін. Сол себепті өзінің жағдайын сотталушы елге жариялағанды қаламай отыр. Сондықтан сот актісін алатын боласыздар», - деді Қызылқоға аудандық сотының судьясы Айдын Байназаров.
Естеріңізге салайық, бұл жаға ұстатарлық жағдай биыл қаңтардың 24-і күні болған еді. «Қан кетіп жатыр» деген хабармен жанұшыра жеткен ақ халаттылар әйелдің жас босанғанын анықтаған. 35 жастағы келіншектің күйеуі және кәмелетке толмаған 4 баласы бар. Алайда осы жүктілігінде дәрігерлерде есепке тұрмаған.