Оралдағы 8 бала зардап шеккен аттракцион иесі: «Бізді ешкім бақыламайды»
Кәсіпкерлер аттракционда зардап шеккен балаларға өтемақы төлейді
2 мамырда Орал қаласындағы аттракционда оқыс оқиға болды. Куәгерлердің айтуынша, саябақтағы қатты жылдамдықпен айналып тұрған аттракцион кенет тоқтап қалып, салдарынан 5-10 жас аралығындағы сегіз бала түрлі жарақат алып, облыстық көпсалалы ауруханаға жеткізілген.
Медициналық тексеруден өткен балалардан ми шайқалуы және аяқ-қол сынуы тәрізді жарақат анықталмаған. Балалар амбулаториялық емделуге жіберілген. «РИА «Мир» ЖШС директорының орынбасары Антон Ротштайн емделу шығынын өтейтінін айтты.
Антон Ротштайн Uralskweek тілшілеріне берген жауабында маусым алдында аттракциондардың техникалық жағдайын ешкім тексермегенін айтқан.
«Біз өзіміз тексере аламыз», - дейді ЖШС директорының орынбасары.
Еске сала кетейік, 2019 жылдың 1 шілдесінен бастап Қазақстанда «Аттракциондар қауіпсіздігі. Аттракциондарды іске қосу және пайдалану барысында қойылатын қауіпсіздік талаптары» ұлттық стандарты бекітілген.
Жоғарыда аталған стандарт «Аттракциондардың қауіпсіздігі туралы» және «Балалар алаңқайына арналған жабдықтардың қауіпсіздігі туралы» техникалық регламенттердің талаптарын орындау мақсатында Индустриалдық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетімен әзірленген.Сонымен қатар аттракциондарға талаптарды ретке келтіру, жұмыстарын реттеу тағайындалады. Жабдықтарды қауіпсіз пайдалану үшін монтаждау ұйымына, пайдаланушы ұйымның иесіне, апаттық қызмет көрсету ұйымына және диспечерлік бақылауға, қабылдап алу және куәландыруға талаптарды орнатады.
Стандарттың талаптары халықтың демалуына тағайындалатын аттракциондардың келесідей түріне таратылады:
- механикаландырылған үдемелі қозғалыс аттракциондары (оның ішінде, суды пайдалана отырып);
- механикаландырылған айналмалы қозғалыс аттракциондары;
- күрделі қозғалыстағы механикаландырылған аттракциондар;
- автодромдар мен картингтер;
- механикаландырылмаған аттракциондар;
- балаларға арналған аттракциондар;
- үрлемелі аттракциондар (үрлемелі жабдықтар: үрлемелі батуттар, төбешіктер, лабиринттер).
Өңірлік штаб отырысының қорытындысы бойынша жергілікті атқарушы органдарда аттракциондарды есепке алатын жауапты органды анықтау. Сонымен қатар жергілікті атқарушы органдардың нормативті-құжаттық актілеріне жоғарыда аталған стандартты қосу туралы мүмкіндікті қарастыру шешімі қабылданды.