Марқұмдардың шиеттей үш баласы қалды, олардың үлкені 6-да, ең кішісі бір жасқа да толмаған
Ақтөбеде 19 жастағы көлік жүргізушісі жаяу жүргіншілер жолағынан өтіп бара жатқан ерлі-зайыпты екі адамды қағып өлтірді. Жол-көлік оқиғасы кезінде көз жұмған келіншек егіз балаға жүкті болған. Отбасының үш баласы жетім қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі «Ақтөбе Times» instagram-паблигіне сілтеме жасап.
Жем қаласының тұрғындары 25 сәуір күні болған қайғылы оқиғаға кінәлі жүргізушінің қатаң жазаға тартылуын талап етеді. Сельмашев көпірінің төменгі жағындағы жаяу жүргіншілер жолағында 29 жастағы ер адам мен 27 жастағы әйел адамды көлік қағып кеткен. Марқұмдардың достарының айтуынша, келіншек егіз балаға 7 айлық жүкті болған. Үйде шиеттей үш баласы қалған.
Үлкен баласы 6 жаста, ортаншысы 5 жаста болған, ал ең кішісі әлі бір жасқа да толмаған екен.
«Біз, Жем қаласының тұрғындары, жексенбі күні болған жол-көлік оқиғасына кінәлі жүргізушінің жазадан құтылып кетпеуі үшін осы қайғылы оқиғаның жария болғанын қалаймыз. Сондай-ақ, құқық қорғау органдарының пікірін естісек дейміз. Жас отбасының опат болуы төбемізден жай түсіргендей болды... Марқұмдардың ата-аналары мен жақындарына қайғырып көңіл айтамыз, сабыр тілейміз. Бұл бүкіл Жем қаласының қайғысы», - деп жазды марқұмдардың достары.
Ерлі-зайыпты жастар Ақтөбеге бірнеше жыл бұрын көшіп келген екен. Өкінішке қарай, дүйсенбіге қараған түні олардың денесін жер қойнына тапсыру үшін Жем қаласына алып келді.
«Балалары ата-анасының енді қайтып келмейтінін әлі білмейді. Арман Жем қаласында туып-өскен, оның әйелі Саға ауылынан болатын», - дейді көз жүмған ерлі-зайыптының танысы.
Белгілі болғандай, 19 жастағы тәжірибесіз жүргізуші жаяу жүргіншілер жолағына жеткенде тежегішті басып үлгермеген. Қайғылы жол-көлік апатына қатысты полиция өкілдері де пікір білдірді.
«25 сәуір күні кешкі сағат 21.10 шамасында Арынов көшесінің бойында, тергеу изоляторына қарама-қарсы тұста адам өлімімен аяқталған жол-көлік оиғасы болды. «Hyundai Solaris» маркалы көліктің 19 жастағы жүргізушісі Арынов көшесінің бойымен келе жатып ҚР жол-көлік ережелерін бұзған. Ол жаяу жүргіншілер жолағынан өтіп бара жатқан жүргіншілерге жол берместен, екі адамды басып өтіп кеткен.
Жол-көлік оқиғасы салдарынан 27 жастағы әйел оқиға орнында қаза тапты, ал 29 жастағы ер адам шұғыл медициналық көмек көрсету ауруханасының жансақтау бөліміне жеткізілгенімен, алған жарақаты салдарынан келесі күні көз жұмды. Жүргізушінің жүргізуші куәлігін 2020 жылдың соыңнда алғаны анықталды. Қазіргі уақытта аталған факт бойынша тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр», - делінген полиция хабарламасында.