Қайғылы жағдай Еңбекшіқазақ ауданының Шелек ауылында болған. 2 сыныпта оқитын баланы өз иті талап өлтірген, деп хабарлайды «Azattyq Rýhy» тілшісі
Баланың өлі денесі Шелек ауылының Орынтаев көшесіндегі №126 үйде табылған. Қожәлім Асқар Бауыржанұлын талаған ит - неміс овчаркасы. Баланың өлі денесін ағасы Сылтаубаев Бейбітжан Әбдікерімұлы 30-қараша күні сағат 15:30 шамасында көрген.
«Ветеринар мамандар баланы талап өлтірген иттің басын кесіп, Алматыға сараптамаға жіберді. Сараптаманың қортындысын күтіп отырмыз. Осы мәселе бойынша қазір ғана округтің әкіміне хабарласып, толық анықтап жатырмыз. Баланы талаған ит сол үйге тиесілі неміс овчаркасы. Үйде үлкендерден ешкім болмаған ғой. Үлкендер келгенде бала өлі күйінде болған. Баланың отбасына психологиялық, материалдық тұрғыда көмек көрсетілді», - дейді Еңбекшіқазақ ауданы Қоғамдық даму бөлімінің жетекшісі Момынжан Исламов.
Аудан әкімдігі өкілінің айтуынша, қайғылы жағдай болған жерге полиция қызметкерлері келіп, оқиғаны іс-қағаздарына тіркеген. Өз иесін талаған ит бір жаста болған, ал таланған бала Шелек ауылындағы Ә. Молдағұлова атындағы орта мектептің 2 сыныбының оқушысы. Бұл жағдайға байланысты Алматы облысының Полиция департаменті ақпарат бермеді.
Әмірболат Құсайынұлы, Алматы