Алматыда саябақта көгершіндермен ойнап жүрген 3 жасар баланы көлік басып кетті
Бүлдіршін оқиға орнында мерт болды
Алматыдағы 28-панфиловшылар саябағында 3 жасар баланы жүктиегіш көлік басып кетіп, мерт қылды. Қайғылы жағдай саябақтың ортасындағы шіркеудің қасында болған. Полиция аталған жағдайға қатысты қылмыстық іс қозғады.
«Аталған факті Медеу ауданы полиция бөлімінде Қылмыстық кодекстің 104-бабы (Абайсызда кісі өлтіру) бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне тіркелді. Өкінішке орай, үш жасар бала алған жарақаттар ауыр болып, ол көз жұмды. Арнайы техниканың рөлінде 1970 жылы туған азамат У. отырған. Тергеу басталды», - деді Алматы қалалық ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Ведомствоның хабарлауынша, шағын жүктиегіш көлік сол аумақты абаттандыру бойынша жұмыстар жүргізіп жатқан. Балақай көгершіндермен ойнап жүрген екен. Алайда жүргізуші баланы басып кеткенін байқамай қалған.