Алматыда жол ережесін бұзған жүргізуші 5 тәулікке қамауға алынды

Автор: Azattyq Rýhy

Сондай-ақ оған 155 мың теңге айыппұл салынды

скриншот: видео

Алматыда қарсы жолаққа шыққан жүргізушіге 155 мың теңге айыппұл салынып, бес тәулікке қамауға алынды. Жол ережесін қасақана бұзған ер адам (желіде видеосы тарады) анықталды. Бұл – Т. есімді азамат, 1997 жылы туған, Алматы облысының тұрғыны.

«Құқықбұзушының әрекеті жолаушы түсірген кадрларда анық көрсетілген. Әрине, жолда мұндай іс-әрекетке жол берілмейді. Бұл жай жол ережесін бұзу емес, бұл азаматтық сананың жетіспеуі және жетілмеген ой. Қарбалас көше бойымен қарсы жолаққа шығумен қатар, белгілі болғандай, ол бағдаршамның тыйым салынған дабылына өтіп кеткен, сақтандыру полисі жоқ, автокөліктің әйнектері қараңғыланған, апаттық жағдай туғызып, тіркеуден шешілген көлік құралын басқарған. Сонымен қатар, жүргізушінің әрекеті ұсақ бұзақылық ретінде қарастырылады», – деді Алматы қалалық ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Манап Саттаров.

Алматы қалалық Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының шешімімен құқық бұзушы бес тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Айыппұлдың жалпы сомасы 155 мың теңгені құрайтын 11 әкімшілік хаттама шығарылды.