$ 509.51  570.6  6.3
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
28.04.2021, 04:46
Оқиғалар

Талдықорғанда жыл басынан бері жалақы алмаған 70-тен аса автобус жүргізушісі көшеге шықты

Қалада он бір бағытта жүретін қоғамдық көліктер шыққан жоқ

Талдықорғанда жыл басынан бері жалақы алмаған 70-тен аса автобус жүргізушісі көшеге шықты
скриншот: видео

Талдықорғанда жаңа жылдан бері жалақы алмаған жүргізушілер жолаушы тасымалдаудан бас тартып, наразылық білдірді. Жүргізушілер мен жұмысшылар таңертең жұмысқа шығудың орнына, автопарк алдына жиналды. Олар мекеме басшылығынан заңды еңбекақысын төлеуді талап етті, деп хабарлайды 24.kz.

«Айлығымыз - сағатына 258 теңге. 258 теңгені сегіз сағатқа, сосын 15 күнге көбейткенде 30 968 теңге шығады. Ең төмен жалақы қатарына да кірмейді. Одан салық ұстаған кезде қолыңа жиырма мың теңге тиеді. Соны бере алмай отыр», - дейді автобус жүргізушісі Нұрдәулет Түндебаев.

Ал, тасымалдаушы компанияның бас директоры Болат Тілеубаев бұл жағдайға оқушылардың тегін жүріп-тұруына төленетін субсидияның уақытылы аударылмағаны әсер еткенін айтты. 

«Ақша бөлінген жоқ. Содан кішкене қиындық бар. Талдықорған - өте шағын қала. Одан түскен пайда ГСМ-ге ғана жетеді. Осы күнге дейін оқушылардың арқасында жұмыс істеп келдік», - дейді Болат Тілеубаев.

Бұл жағдайға қатысты қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қанат Хамитжанов та пікір білдірді.

«Бүгінгі мәселе бойынша бізге өзімізге қатысты төленетін төлемақылар, мысалы, көпбалалы аналарға берілетін төлемақы бірінші, екінші кварталға барлығы уақытылы төленген. Бізге белгісіз, ішкі себептермен жалақы төленбеуде. Осы мәселе бойынша әкім де, прокуратура өкілдері, еңбек инспекциясының өкілдерімен «Жанел» және «Ақ-нар» мекеме басшыларымен жиналыс өткізіліп, тексеріс жұмыстарын жүргізу бойынша тапсырма берілді», - дейді ол.

Наразылыққа байланысты 27 сәуірде он бір бағытта жүретін қоғамдық көліктер желіге шыққан жоқ. Қалалықтарға діттеген жеріне автобуспен емес, таксимен баруға тура келді. Егер жақын арада жалақы төленбесе, бұл жағдай тағы да қайталануы мүмкін.

Серіктес жаңалықтары