Оң аяғынан оқ тиген 62 жастағы азамат қазір ауыр жағдайда жансақтау бөлімінде жатыр
Алматы облысы Қарасай ауданында белгісіз ер адам 62 жастағы тұрғынның аяғын оқпен жаралап, өзі оқиға орнынан қашып кеткен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Әлеуметтік желілерде жарияланған видеодан жеке тұрғын үйлердің бірінің сыртқы есігі мен қақпасының оқтан шұрық-тесік болғанын көруге болады. Бейнежазбаны түсірген әйел адам 25 сәуірге қараған түні белгісіз ер адамның қарулы шабуыл жасағанын, оқ іздерін көрсетеді.
«Айдың-күннің аманында, бейбіт заманда мылтық ұстап, адамды ата салу түк емес болды ғой. Кеше түнде Шалқар ауылында 92 жылғы жігіт бір отбасына оқ жаудырған. Болжам бойынша бір қызды іздеп жүрген. Жігіттің жауапсыз әрекетінің салдарынан Х. Қайырбаев есімді егде жастағы азаматтың аяғы жараланған. Оқ тиген аяқты дәрігерлер кесуге мәжбүр болған. Ақпаратқа сүйенсек, ол азамат бұған дейін де бірнеше қылмыс жасаған, бірақ отбасының беделінің арқасында жазадан құтылып кетіп жүрген көрінеді. Бұл жағдай ауыл тұрғындарының ғана емес, жалпы аудан халқының үрейін ұшырып отыр. Арамызда осындай өз әрекетіне жауап бере алмайтын, қару асынған қарақшылардың жүргені өте қорқынышты!», – деп жазады әйел адам.
Алматы облысы Полиция департаменті қазіргі уақытта қылмыскердің кім екені анықталғанын және оны ұстау шаралары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
«24 сәуір күні сағат 23.00 шамасында Қарасай аудандық орталық ауруханасына аяғына оқ тиген 62 тұрғын түсті. Тексеру кезінде Қаскелең қаласының 29 жастағы тұрғыны шабуылдағаны анықталды. Қазіргі уақытта оны ұстау үшін жедел іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр. ҚР ҚК 99-бабы 1-бөлігі «Адам өлтіруге оқталу», 24-бап бойынша тергеу шаралары басталды», – деп хабарлады ведомство.
Ал дәрігерлер зардап шегушінің сол аяғын оқ тесіп өткенін айтты.
«Қазіргі уақытта оның жағдайы өте ауыр, жансақтау бөлімінде жатыр. ан. Сол жақ жіліншігіне оқ тиген. Аяғының екі сүйегінің жоғарғы бөлігі сынған. Жағдайы ауыр болғандықтан, жасанды тыныс алдыру аппаратында жатыр», - деді облыстық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының өкілдері.