Сот алқасының төрайымы шағымды қарауға қатысуды немесе қатыспауды жәбірленушілер таңдайтынын айтты
22 сәуірде «Нәрестенің өлімі туралы іс» бойынша апелляцияны қарайтын Атырау облыстық сотының қылмыстық істер бойынша кезекті, әлде соңғы алқа отырысы өтті. Залда осыдан бұрын сотталғандардың бесеуі де болды – перинаталды орталықтың дәрігерлері Қуаныш Нысанбаев, Асқар Қайыржан, Руслан Нұрмұханбетов, Дариға Жұмабаева және Жәмила Құлбатырова, сондай-ақ адвокаттар Нұрлан Жолболов пен Талғат Мұқатанов қатысты. Бұл туралы azh.kz хабарлады.
Барлық сотталғандар мен қорғаушы тараптар бірінші сатыдағы сотқа төрағалық еткен Гүлмира Дәулетова кіретін алқа құрамына сенімсіздік танытатыны туралы тағы да мәлімдеді және қылмыстық істі қарауды еліміздің басқа өңірінің сотына беру туралы өтінішті растады. Үкім заңды күшіне енбестен бұрын облыстық соттың баспасөз қызметі ведомстволық сайтта жариялағанына, сондай-ақ судья Дәулетова оны БАҚ-та түсіндіргеніне байланысты сотқа деген сенімсіздік білдірді.
«Екі жәбірленуші қатысуы керек. Неге мұнда тек Тұрымбетова бар, ал Молдағалиева жоқ? Неліктен судья Дәулетова үкім заңды күшіне енгенге дейін түсініктеме берді? Менің ойымша, бәрі алдын-ала жазылған, біз босқа тұрмыз», - деді облыстық перинаталды орталықтың бұрынғы директоры Қуаныш Нысанбаев ашуланып.
Сот алқасының төрайымы Тәтті Уәлиева апелляциялық шағымды қарауға қатысуды немесе қатыспауды жәбірленушілер таңдайтынын түсіндірді:
«Сот алқасы оларды жауап алу қажет болған кезде ғана қатысуға міндеттейді».
Тараптардың пікірін тыңдаған сот алқасы істі басқа облыстық соттың қарауына қатысты өтінішті Жоғарғы Соттың кассациялық алқасына беру туралы қаулы шығарды. Осымен сот отырысы жабық деп жарияланды.