Павлодарда ерлер түрмесіндегі жазасын өтеп жатқан жалғыз әйел ар-намысы үшін сотқа жүгінді

Автор: Azattyq Rýhy

Павлодар қалалық соты айрықша азаматтық істі қарап жатыр 

Фото: ашық дереккөзден

Әйел адам жазасын Арқалықтағы УК-161/12 ерлер түзеу мекемесінде өтейді. Ол аса қауіпті қылмыскерлер түрмесіне кісі өлтіргені үшін қамалған, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.

Павлодар қалалық соты айрықша азаматтық істі қарап жатыр. Жауапқа сотталған әйел мен түрме күзетшілері туралы ар-намысқа нұқсан келтіретін ақпарат таратқан ер адам тартылып отыр. Айыптау нұсқасына сәйкес, ер адамның түрме әкімшілігіне қарсы жеке реніші болған. 

«Жауапқа тартылған ер адамның УК-161/12 түзеу мекемесінің әкімшілігіне қарсы жеке өші болғандықтан, талапкердің ерлер колониясында жазасын өтеп жатқан әлемдегі жалғыз әйел екенін пайдаланбақ болған. Яғни, ол әйел туралы кез келген мәлімет бүкіл елдің назарын аударатынын білгендіктен, оны қасақана қаралау арқылы өзінің жеке мәселелерін шешіп алуға ұмтылған», - деп атап өтті қалалық сот төрағасы Бақытберген Жаманбаев Zoom-конференцияда.

2020 жылғы 27 шілде мен 17 тамыз аралығында ер адам мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдарға жүгініп, сотталушының ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін, шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтерді ұсынған.