Қызылжарда екі апта бұрын жоғалған қыз әлі табылмай жатыр

Автор: Azattyq Rýhy

Екі аптадан бері із-түзсіз кеткен 22 жастағы Елизавета Матюхинаны іздеу жұмыстары жалғасуда

 

Қызылжарда адам жоғалу дерегі жиілеген. Аймақта өткен үш айдың ішінде 112 тұрғын жоғалыпты. Екі аптадан бері із-түзсіз кеткен 22 жастағы Елизавета Матюхинаны іздеу жалғасуда, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Астана TV» телеарнасына сілтеме жасап.

Алайда қазірше еш нәтиже болмай тұр. Іздеу жұмыстарына 50-ге жуық ерікті де атсалысуда. Бірнеше топтан құралған волонтерлар шаһардың бірнеше ауданын бастан-аяқ шарлап жүр. Ал полицейлер жаңа технологиялардың көмегіне жүгінген.

Елизавета Матюхинаның із-түзсіз жоғалғанына осымен екі апта болды. Сәуірдің үші күні түс ауа үйінен шыққан 22 жасар қыз қаланың орталығы арқылы 4 шақырым жерді жаяу өтіп, артынша Косогор ауданына өткен.

Полицейлер оның жүру бағытын бейнекамералар арқылы анықтаған екен. Алайда, жер үйлерде тұратын Косогор бақылауға енбейтіндіктен, бойжеткеннің қайда бет алғаны белгісіз. Көшені тінтіп жүрген тәртіп сақшылары тіпті дронның көмегіне жүгінген.

«Қыздың жоғалуы жөнінде арыз бізге сәуірдің алтысы күні түсті. Біз жедел іздестіру шараларының барысында қыздың Косогор ауданына кеткенін біліп, ондағы барлық үйлерді аралап шықтық. Одан бөлек, Саяжай қоғамдары мен Заречный кентін де қарадық. Қазір Есіл өзені арнасынан асты. Сондықтан іздеу жұмыстары қиындай түсті», - деді СҚО ПД криминалды полиция басқармасы басшысының орынбасары Марат Жұмалиев.

Полицейлердің хабарлауынша, Алматыда туған Елизавета бала кезінде отбасымен бірге Ресейге көшіп, сол жерде орта мектепті үздік бітірген. Кейін Қазақстанға оралыпты. Алайда ешбір жұмысқа орналаса алмаған көрінеді. Оның жақындары тілшілермен тілдесуден үзілді-кесілді бас тартты. Қазір іздеу шараларын еріктілер қолға алған. Жұмыла кіріскен белсенділер елдімекенді шарлау барысында Есіл жағасы мен саяжай кооперативтеріне басымдық беріп отыр.

«Анасының айтуынша, Елизаветаның былтыр ағасы қайтыс болды. Сол жағдай оның жүрегіне қатты батып, мінезі тұйық болып қалған. Ол сол күні ұрыс-керіссіз кетіп қалған. Біз қаланың барлық ауданын аралап шықтық. Жұрт оны әр-әр жерден көргенін айтады. Бірақ әзірге нәтиже жоқ. Еріктілер күнде негізгі жұмысынан босағаннан кейін бірден іздеуге кіріседі», - деді еріктілер қозғалысының жетекшісі Кристина Ашпекова.

Дегенмен қазірше еш нәтиже болмай тұр. Соған қарамастан полицейлер де, еріктілер де іздеу жұмыстарын жалғастыратынын айтты. Полицияның дерегінше, жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысы бойынша 112 адам жоғалған. Оның 111-і дін аман табылған.