Павлодарда 16-қабаттан секірмек болған адамды құтқару сәті видеоға түсіп қалған
Мас күйдегі ер адам өзіне-өзі қол жұмсамақ болған
Полиция қызметкері ер адамды райынан қайтару үшін бір сағат бойы келіссөздер жүргізді, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.
Облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің ақпараты бойынша, ер адам Назарбаев даңғылы, 50-ші үйдің 16-шы қабаттағы балконынан секіріп кетпек болғаны туралы қоңырау түскен. Шақыруға полиция, шұғыл қызметтер шықты.
Павлодарлық тұрғын мас күйінде әйелімен ұрысып, өзіне-өзі қол жұмсамақ болған. Оқиға орнына келген полицейлер 16-шы қабатқа көтерілді.
«Павлодар ПБ Орталық полиция бөлімінің жедел уәкілі Асхат Маралбаев ер адамды тыныштандыру үшін әңгімеге тартып, бұл ойынан қайтаруға тырысты. Полицей онымен бір сағаттан астам уақыт келіссөздер жүргізді. Сол уақыт ішінде тәртіп сақшысы оған жақындап, бірден ұстап алып, балконның ернеуінен шығарды», - делінген хабарламада.
Ер адам медицина қызметкерлеріне тапсырылды.