ШҚО-да бес ай бұрын суға батып кеткен балықшының денесі табылды
2020 жылдың 20 қарашасында екі ер адам балық аулауға кетіп, сол күйі оралмаған болатын
Шығыс Қазақстан облысында осыдан бес ай бұрын жоғалып кеткен балықшылардың бірінің денесі табылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Облыстық ТЖД Жедел-құтқару жасағының қызметкерлері іздеу жұмыстарын қайта бастау нәтижесінде Қара Ертіс өзеніндегі Кендірлік учаскесі маңынан 1981 жылы туған балықшының денесін тапты.
«Іздеу қайықтың көмегімен жүргізілді, қайтыс болған балықшының денесі оқиға орнынан 30 шақырым жерде табылды. Ал 1990 жылы туған екінші балықшыны іздеу жұмыстары әлі де жалғасады», - делінген хабарламада.
Еске салсақ, қайғылы оқиға 2020 жылдың 20 қарашасында болған еді. Екі ер адам балық аулауға кетіп, сол күйі оралмаған. Құтқарушылар 26 күн ішінде 6-дан 9 метрге дейінгі тереңдікте 145 сүңгуірлерді түсірген. Іздеу жұмыстарының жалпы ауданы 16,291 шаршы шақырымнан асқанымен, іздеу нәтиже бермеді.