СҚО-ның 6 ауданында құтырма ауруының ошағы тіркелді

Автор: Azattyq Rýhy

Инфекция пайда болған елдімекендерде санитарлық шектеу шаралары енгізілді

Фото: ашық дереккөзден

Солтүстік Қазақстан облысында тағы да құтырма ауруының жаңа ошақтары тіркелді. Осылайша инфекция таралған аудандар саны 6-ға жетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Құтырма ауруы Ақжар, Жамбыл, Ғабит Мүсірепов, Мағжан Жұмабаев, Тимирязев және Мамлют аудандарында анықталды. Инфекция пайда болған елдімекендерде санитарлық шектеу шаралары енгізілді. Талапқа сәйкес жұқпа анықталған сәттен басап, 60 күн бойы ауылдардан ет және сүт өнімдерін тасымалдауға тыйым салынған. Мамандардың айтуынша қауіпті дерт ірі-қараға түлкі, қарсақ сынды жабайы аңдардан жұғып жатыр.

«Құтырма – жіті жедел өтетін өмір үшін аса қауіпті жұқпалы вирустық табиғи-ошақтық ауру. Ауыл шаруашылығы және үй жануарлары құтырма вирусын ауру жұқтырған жануармен тікелей байланыста болған жағдайда жұқтырады. Құтырма вирусы тістеген кезде беріледі. Инфекция үй жануарларының жабайы жыртқыштармен байланысы нәтижесінде жұққан. Елдімекендерде түлкілердің, қарсақтардың, жанат тәрізді иттердің жиі кіргенін көзімен көрген адамдар, жергілікті тұрғындар растап отыр. Қыс-көктем мезгілінде жабайы жыртқыштардың елдімекендерге кіру жағдайлары жиілеп кеткені бәріне мәлім. Бұл табиғи-климаттық жағдайлардың қолайсыздығына және олар мекендейтін жерде азық көздерінің болмауына байланысты болуы мүмкін. Құтырма ауруының барлық ошақтарында жануарлардың барлық түріне құтырмаға қарсы профилактикалық вакцина егуді қамтитын арнайы іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Оның адамдарға жұғуына және жануарлардың жаппай ауыруына жол бермеу қажет. Құтырма бойынша қолайсыз пункттерден шектеулер барлық арнайы іс-шаралар жүргізілгеннен кейін алынатын болады», - делінген СҚО ветеринария басқармасы таратқан мәліметте.

Өңірде 53 мың бас малға құтырма ауруына қарсы вакциа егу жоспарланған.

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО