ШұғылҚазақстанда өткен тәулікте 2443 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды

СҚО-да жол апатын тудырған мас жүргізуші қамаққа алынды

Жыл басынан Мамлют ауданының аумағында полицейлер алкогольдік масаң күйде болған 11 жүргізушіні ұстады                                                                          

Солтүстік Қазақстан облысында мас жүргізуші жол апатына себепкер болды. Жол-көлік оқиғасы кезінде Мамлютка қаласының тұрғынының жанында 4 жасар ұлы болған деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.                  

СҚО ПД баспасөз қызметінің хабарлауынша, Мамлютка қаласының тұрғыны кәмелетке толмаған ұлымен бірге Петропавлға келген. «ВАЗ-21120» көлігін тізгіндеген жүргізуші қала шетіндегі қозғалыс аз көшелердің бірінде қарсы бағытқа шығып кетіп, «Volkswagen Passat» автокөлігіне соғылған. 45 жасатағы тәртіп бұзушы екі бөтелке сыра ішкенін мойындаған. Жол апатынан зардап шеккендер жоқ. Жалпы келтірілген шығын шамамен 200 мың теңгеден асады. Жүргізушіге қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608-бабы «Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру» бойынша материал жиналды.

 «Автомашина арнайы тұраққа қойылды. Жүргізушіге сот шешімімен 20 тәулікке қамаққа алу түріндегі жаза тағайындалды. Бұдан басқа, ол 7 жылға жүргізу құқығынан айырылды. Масаң күйде рөлге отыруға жол беретін жүргізіушілер өз өмірін ғана емес, жолаушылары мен өзге жол қозғалысына қатысушылардың тағдыры мен денсаулығын қатерге тігетінін естен шығармаған жөн», - дейді  Мамлют ауданының ПБ бастығы полиция подполковнигі Серік Әлжанов. «Алкогольдік ішімдіктің буымен көлік құралын басқару ауыр салдарға әкеп соғатын, өрескел бұзушылық болып табылады. Осындай фактілердің алдын алу үшін полицейлер тұрақты түрде жедел-профилактикалық іс-шараларды өткізеді, түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Өкінішке орай, кейбір жүргізушілер «ішімдіктен аздап ұрттап алып» көлік басқаруға болады деп санайды», - дейді ПД баспасөз хатшысы Нұрбек Баекин. 

Төрт жастағы бала қаладан анасы келіп алып кеткенше ювеналдық полицияның қарауында болды. 

Жыл басынан Мамлют ауданының аумағында полицейлер алкогольдік масаң күйде болған 11 жүргізушіні ұстады. Облыс бойынша осындай фактілердің саны 219.

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО