Шымкентте карантин режимін бұзған ойынхана анықталды

Автор: Azattyq Rýhy

Ойынхана ішінде 19 адам болған

Шымкентте карантин режимін бұзған ойынхана анықталды, деп хабарлайды Polisia.kz.

Карантиндік шектеулерді елемей, жұмысын жалғастырып жатқан кәсіпкерлік нысандары толастар емес. Әсіресе компьютерлік клубтар мен ойынханалар қаулы ережелерін өрескел бұзуда.

Осы жылдың 10 сәуір күні сағат 01:09 шамасында мобильдік топ Шымкент қаласы Қазыбек би көшесі №30 үйде орналасқан “FS PLASTATION CLUB” компьютерлік ойынханасының карантин режимін бұзып, яғни жабық ғимаратта жұмыс жасап жатқанын анықтады.

Аталған жайтқа байланысты ойынхана әкімгеріне карантин режимін және шектеу шараларын сақтамай, карантин талаптарын орындамағаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабы бойынша іс-құжаттар рәсімделді.

Осы бойынша Әл-Фараби ауданы Тауарлар мен көрсетілетін қызметтер сапасының қауіпсіздігін бақылау басқармасына іс-құжаттар жолданды.

Оған қоса ойынханада отырған 19 тұрғынға түсіндірме жасалып, тарқатылды.