Сырдария өзенінде балық аулап отырған жерінен 2 ер адам ұсталды

Автор: Azattyq Rýhy

Құқық бұзушылардан 94 келіден астам сазан балығы тәркіленіп алынды

Түркістан облысында полицейлер табиғатқа залал келтірудің 31 әкімшілік құқық бұзушылығы мен екі экологиялық қылмысын анықтады, деп хабарлайды Polisia.kz.

Облыс аумағында табиғат қорғау заңнамаларын бұзуды анықтау, алдын алу жұмыстарын жандандыру мақсатында арнайы екі мобильдік топ құрылды. Олар облыс аумағына іссапарларға шығып, мүдделі мекеме қызметкерлерімен бірлескен рейдтік шаралар ұйымдастырды. Осы жұмыстар нәтижесінде табиғатты қорғау заңнамаларын бұзғаны үшін екі қылмыс, 31 әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, 200 мың теңгеден астам айыппұл салынды. 

Заңсыз балық аулау бойынша екі қылмысты атап өтсек: Оның бірінде Сырдария өзенінде үрмелі қайықпен, заңмен тыйым салынған электр тоғын пайдаланып, балық аулап отырған жерінен екі ер адам ұсталды. Құқық бұзушылардан балық аулауға арналған құралдармен қатар, 94 келіден астам сазан балығы тәркіленіп алынды. Сондай-ақ күдікті азаматтар мақтааралдық тұрғындар болып шықты. Полиция қызметкерлері күдіктілерді істің барлық мән-жайын анықтау үшін аудандық полиция бөліміне жеткізді. 

Қазіргі уақытта аталған жайт ҚР ҚК-нің 335-бабы 3-бөлігі (Балық ресурстарын, басқа да су жануарларын немесе өсімдіктерді заңсыз аулау) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Екінші жайтта Шардара су қоймасында ау-тор пайдаланып, темір қайықпен заңсыз балық аулаушылар ұсталды. Олардан айғақты зат ретінде 200 келіге жуық балықтар тәркіленді. Құқық бұзушылар Шардара АПБ-ға жеткізілді. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 335-бабымен тіркеуге алынды. 

Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері азаматтарға заңсыз балық аулау, сондай-ақ Қызыл кітапқа енгізілген жануарлар мен өсімдіктерді жоюдың соңы заң аясында жауапқа тартылуға әкеп соғатынын еске салады. Бұл бағыттағы жұмыстар мобильдік топпен өз жалғасын таба бермек.