Жанжалға қатысы бар жазасын өтеушілердің екеуі де бұрын сотталған
Алматы облысындағы орташа қауіпсіз мекемеде сотталғандар арасында жанжал туып, бірі қаза тапты. Бұл туралы Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.
9 сәуірде колонияның тәртіптік изоляторында сотталғандар арасында жанжал шығып, олардың бірі екіншісіне дене жарақатын салған. Зардап шеккен адамға алғашқы медициналық көмек көрсетілгенмен, сотталушы оқиға болған жерде қаза тапты. Мән-жайды анықтау үшін оқиға орнына жедел-тергеу тобы, прокуратура өкілдері мен Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің басшылығы барды. Бұл факт сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне енгізілді.
Айта кету керек, оқиғаға қатысы бар жазасын өтеушілердің екеуі де бұрын Қылмыстық кодекстің 191-бабы 2-бөлігі (қарақшылық) және 192-бабы 2-бөлігі (тонау) бойынша сотталған. Сондай-ақ олар абақтыда ұстау режимін бірнеше рет бұзған және тәртібі өте нашар деп бағаланып келген.