Тілсіз жау көне ғимараттың ағаш құрылысын әп-сәтте шарпып әкеткен
7 сәуір күні 21 сағат 47 минутта Семей қаласындағы Молдағалиев көшесінде өрт шықты, деп хабарлады «Алтайньюс».
Оқиға орнына өрт сөндіру бөлімшелері жедел келіп жеткен кезде екі қожайынға арналған 3 пәтерлі тұрғын үйдің кіреберісінің ағаш конструкциялары, қабырғалары мен төбесі өртеніп жатқан.
Өрттің күшті болғаны соншалықты, 1905 жылы салынған үйдің ағаш құрылысын әп-сәтте шарпып әкеткен.
«Өрт сөндіру қызметінің қызметкерлері пәтердің асүй бөлмесінен сыйымдылығы 27 литрлік 2 газ баллонын алып шықты. Шапшаң іс-қимылдың арқасында 70 шаршы метр алаңдағы өрт толығымен сөндіріліп, оның ары қарай таралуына жол берілмеді. Тұрғын үйдің жалпы ауданы 250 шаршы метрді құрайды», - деп хабарлады ШҚО ТЖД баспасөз қызметі.
Өртті сөндіруге жеке құрамнан 23 адам және 8 бірлік техника тартылды.
Өрттің себебі пәтерлердің бірінің кіреберісінде жанғыш материалдарға төселген электр сымдарын монтаждау және пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтамаудан болған.